Этномедиация – ішкі тұрақтылықтың тетігі
Қазақстан – сан түрлі этностардың бейбіт және келісімде өмір сүріп жатқан мемлекеті. Тарихтың талай бұлтарысты жолдарында тағдыр тоғыстырған халықтар үшін ортақ шаңыраққа айналған еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап этносаралық келісімді басты құндылық ретінде айқындады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлік пен бейбітшілік – ел дамуының негізі» деген ұстанымы ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстардың өзегіне айналып отыр. Сол маңызды бағыттардың бірі – этномедиация.
Бүгінде Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де мойындалған бітімгершілік бастамалар – ел ішіндегі ұлтаралық келісімді нығайтудың сенімді тетігі. Бұл тұрғыда өңірімізде да нақты істер жүзеге асып, нәтижелі жұмыс үлгісі қалыптасуда. Әсіресе, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының бір тармағы ретінде жұмыс істейтін Этномедиация орталығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің бірлескен жобалары ерекше назар аударуға тұрарлық.
2024 жылы құрылған Этномедиация орталығы бүгінде өз жұмысын жүйелі жалғастыруда. Бұл орталықтың басты мақсаты – этносаралық шиеленістің алдын алу, бейбітшілік пен келісімді нығайту және дау-жанжалдарды ерте шешуге ықпал ету.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Этномедиация орталығы 530-дан астам адамды қамтыған 14 ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде жастармен идеологиялық кездесулер, этномәдени бірлестік өкілдерімен кеңестер, ардагерлер мен ақсақалдар алқаларымен сұхбаттасу, қоғамдық қабылдаулар, диалог алаңдары және кеңестік отырыстар өткізіліп, халықпен ашық әрі сенімді байланыс орнатылды.
Этномедиация кеңесі – өңірдегі ең белсенді әрі тәжірибелі сарапшылардан құралған қоғамдық құрылым. Оның құрамына этномәдени бірлестіктер, аналар кеңесі, ақсақалдар, білім мен мәдениет саласының өкілдері, спортшылар, дін қызметкерлері, саясаттанушылар мен кәсіби медиаторлар енген. Олардың әрқайсысы этносаралық қарым-қатынастардың жай-күйіне бей-жай қарамай, қоғамдағы келісім мен татулықты сақтауға өзіндік үлес қосып келеді. Кеңес отырыстарында өңірдегі этномедиация институтын дамыту, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау жолындағы жаңа қадамдар, туындауы мүмкін шиеленістердің алдын алу механизмдері егжей-тегжейлі талқыланып, нақты ұсыныстар енгізілуде.
– Этномедиация – бейбітшілік пен келісімнің тірегі. Әртүрлі этнос өкілдері арасындағы түсініспеушілік немесе тұрмыстық кикілжің этникалық реңк алып кетпеуі үшін алдын ала әрекет ету маңызды. Медиация – қарапайым тілдесу арқылы шешілетін диалогтың мәдениеті. Біз соны қоғамда қалыптастыруға тырысамыз, – дейді Этномедиация орталығының меңгерушісі Валентина Досыбиева.
Өңірдегі этномедиация аясындағы бірқатар шаралар өскелең ұрпақтың бойына толеранттылық пен көпэтносты қоғам құндылықтарын сіңіруге бағытталған. Сынып сағаттары, диалог алаңдары, пікірталастар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы жасөспірімдердің бойында өзге ұлттың тілі мен дініне, мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау мәдениеті қалыптасады. Мұндай кездесулерде күнделікті өмірде орын алатын ұлтаралық түсініспеушіліктің, радикалды көзқарастардың алдын алуға бағытталған ашық әңгімелер өрбиді. «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен тоқсанда 360-тан астам жас қатысқан 10 іс-шара ұйымдастырылыпты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА сессиясында сөйлеген сөзінде этносаралық қатынастар саласындағы медиаторлар корпусын дайындау қажеттігін атап өтті. Осыған орай, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында «Этномедиация және конфликтология» тақырыбында арнайы оқыту курстары ұйымдастырылмақ. Қатысушылар қатарында ауыл әкімдері, мектеп басшылары, учаскелік полиция қызметкерлері, имамдар мен қоғам белсенділері бар. Бұл бастама этностар тығыз шоғырланған ауылдық округтердегі ахуалды бейбіт әрі кәсіби жолмен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Облыста этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «Бейбітшілік және келісім» және «Достық керуені» атты екі пилоттық жоба іске қосылғанын айта кеткен жөн. Бұл жобалар аясында этностар тығыз орналасқан елді мекендерде этнокарталар әзірленіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйеленді. Жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлескен консультациялар ай сайын өткізіліп, тоқсан сайын 1000 респондентті қамтитын әлеуметтік зерттеулер жүргізілуде. Мониторинг нәтижесінде өңірдегі әлеуметтік ахуалдың өзекті мәселелері анықталып, тиісті шешімдер қабылданады.
Этносаралық келісімнің маңызды тетіктерінің бірі – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі түсіндіру жұмыстары. Этномедиация тақырыбында барлығы 7 мақала мен 19 түрлі материал жарияланып, қоғамның әртүрлі тобына ақпарат жеткізілген. Бұл – халықпен арадағы байланысты нығайтудың маңызды құралы.
Бүгінгі таңда өңірдегі этносаралық жағдай тұрақты болғанымен, мектептердегі оқушылар арасындағы келіспеушіліктер, жасөспірімдер арасындағы кикілжіңдер, әлеуметтік желілердегі арандатушылықтар секілді мәселелер аз кездеспейді. Мұндай кезде этномедиаторлар мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің өкілдері уақытылы араласып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл – ұлтаралық кикілжіңнің алдын алатын ең сенімді жолдардың бірі. Сонымен қатар, арнайы алгоритмге сәйкес жергілікті жерлерде профилактикалық жұмыстар да үздіксіз ұйымдастырылуда.
Этномедиация – еліміздің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзекті сала. Ол әлі де дамып, қалыптасу кезеңінде болғанымен, бүгінгі күннің өзінде-ақ нақты нәтиже беріп отыр. Жамбыл облысындағы тәжірибе – соның айқын дәлелі. Бұл сала қоғамның әрбір мүшесінің бейбіт өмірге, келісімге және өзара құрметке негізделген мәдениетті ұстануына ықпал етеді. Этносаралық келісім – тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматқа керек құндылық.
Айжан ӨЗБЕКОВА