Кәсіпкерлерге қатысты түсетін шағым көп
Нарықтағы баға күн сайын құбылып, бір тауардың құны аз ғана уақыт ішінде екі-үш рет өсетін жағдайлар жиілесе, бұл халықты қажытатыны анық. Әсіресе азық-түлік, тұрмыстық заттар мен дәрі-дәрмек бағасының тұрақсыздығы қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді. Мұндай жағдайда ең бірінші кезекте тұтынушылардың құқығын қорғайтын мекемелердің жұмысы сынға ұшырайды.
Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің айтуынша, биылғы жылдың 3 айында департаментке 409 өтініш түсіпті. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 183 өтінішке көп, яғни өтініш саны 81 пайызға өскен. Оның ішінде 279 өтініш тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты болса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65 өтінішке артық. Бұл бойынша 2024 жылдың бірінші тоқсанында 214 өтініш түсіпті.
Сонымен қатар сауда қызметі саласында есепті кезеңде тұрғындар 129 жазбаша өтініш беру арқылы департамент мамандарының қызметіне жүгінген. Ол да былтырғы жылдың бірінші тоқсанда түскен өтініштер санынан 10 есеге артық. Бұл өсім азаматтардың сауда қызметіне қатысты мәселелерге қызығушылығының немесе белсенділігінің айтарлықтай артқанын көрсетсе керек.
2025 жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті едәуір өтініштерді қарапты. Оның ішінде 250 өтініш қанағаттандырылса, бұл жалпы санның 65 пайызын құрайды екен. Тұтынушыларға 10,3 миллион теңге қайтарылып, 119 тұтынушыға қызықтырған сұрақтар бойынша түсініктемелер берілген. Сондай-ақ 15 сауал өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдарға әрі қарай қарау үшін жолданған, ал қалған 24-і орындалып жатқан көрінеді.
Департамент халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да қарқынды жүргізуде. 2025 жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік желілерде 600 материал, сондай-ақ облыстық БАҚ-та 21 мақала жарияланыпты. Сонымен қатар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында 12 материал жарық көріп, облыстық радиода департаменттің бір қызметкері сұхбат беріпті. Халықты ақпараттандыру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 7 «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, 2 рет брифинг өткізілген.
Бұл іс-шаралар тұтынушылардың құқықтары туралы халықтың хабардар болуын арттыруға, сондай-ақ сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ