Шекара маңындағы сауда қалай дамуда?
Шекара маңындағы сауданы және шекара маңындағы ауылдарды дамыту мемлекет үшін өте маңызды. Өйткені маңайдағы елмен арада болатын алыс-беріс, барыс-келіс кезінде жергілікті жердегі тұрғындар өзгенің сапасыз әрі арзан тауарына малданбайды, заңсыз сауда мен ішкі нарық, отандық өнім мәселесі де назарда ұсталады. Шекара маңындағы сауданың дамуы көрші елдер арасында тауар алмасуды жандандырып, жергілікті өнім өндірушілердің кәсібін өркендетуіне мол мүмкіндік береді.
ЕЛ ШЕБІНДЕГІ АУЫЛДАР АРТТА ҚАЛМАУЫ ТИІС
Мұндай жердегі ресми жұмыс істейтін базарлар мен өткізу орталықтары контрабандалық жолмен тауардың әрлі-берлі шекара асуына тосқауыл болады. Салық есебінен ел қазынасына түсетін қаржы көлемі де артып, тұтынушылардың сапалы әрі қауіпсіз өнім тұтынуы жолға қойылады. Бастысы шекара маңындағы сауда дұрыс жолға қойылса, отандық өнім өндірушілерге қолдау күшейсе, елді мекендерде кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарады. Ауылшаруашылығы өнімдері мен жергілікті өнеркәсіп тауарлары өз елімізде ғана емес, шекаралас елдерде де сұранысқа ие болып, отандық брендтердің беделі артады. Ішкі нарықты қамтамасыз етуде өзімізден артылған отандық өнім сыртқа шыға бастайды. Бұл ретте инфрақұрылымы бар, тиісті жағдай жасалған шекара маңындағы ауылдарда тұрғындар туған жерінде тұрақтап қалады.
Әулиеата өңірінде бірнеше аудан өзге елмен шектесетін болса, оның ішінде Жамбыл ауданы да бар. Бүгінде бұл ауданның құрамына 13 ауылдық округ пен 29 елді мекен кіреді. Географиялық тұрғыдан Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Гродеково, Бесағаш және Айша бибі ауылдары Қырғыз Республикасымен шекаралас. Атап айтқанда, ондағы Қызылқайнар, Жасөркен, Гродиково, Қызылдихан, Бесағаш және Қаратау елді мекендері қырғыз елімен шектеседі. Міне, осы ауылдық округтерде шекара маңындағы сауданы дамыту ісі қалай жүргізілуде? Біз осы жайлы аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдан сұраған едік. Бөлім басшысының айтуынша, аталған ауылдық округтерде шекаралық аймақтардағы кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар тиімді іске асуда. Нәтижесінде ауыл тұрғындары кәсіптерін өз шама-шарқынша дөңгелетіп отыр.
Бөлім басшысының берген мәліметіне сүйенсек, бұл ауылдарда бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Шекара маңындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар да нәтижелі іске асырылуда. Ол жайлы да тарқата айтып берді.
ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН ДЕГЕН АТЫ ҒАНА
Осы ретте біз Гродекова ауылында жұмыс істеп тұрған әлеуметтік дүкен иесі Мейргүл Сүлейменовамен тілдесуді жөн көрдік. Алайда өзін Мейргүл Айдосқызының күйеуімін деп таныстырған Талғат есімді азамат дүкенде тұрақтандыру қорының бір де бір тауары жоқ екенін сөз етіп, бар шындықты жайып салды.
Біз дүкен иесінің күйеуімен тілдескеннен кейін аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдың жоғарыда сөз еткеніндей, ауданның шекара бойында орналасқан елді мекендеріне тиесілі шағын және орта бизнестің дамуы көңіл көншітерлік жағдайда екеніне, шекара маңындағы елді мекендердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде қандайда бір артықшылық беріліп жатқанына күмәнмен қарадық. Осыдан кейін аталған бөлім басшысына қайта хабарласып, мән-жайға қанықпақ болдық.
Кезінде Жамбыл ауданындағы әлеуметтік дүкеннің не себепті жабылғаны айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік дүкен ашылып, онда бағасы қымбат тауар сатылып жатса, ондай дүкенге кім барады?!
Осыдан кейн біз «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы өңірлік тұрақтандыру қорының директоры Жарқын Әбдіжапарға хабарласып, болып жатқан мән-жайдан хабардар еттік. Ол алдағы уақытта бұл дүкен облыстық комиссияның қаралымына шығарылатынын, мәселе пысықталатынын жеткізді.
Мына хабар көңілді біршама жайландырып тастады. Шекара аймақтарында сауда қатынастарының дамуы ішкі нарыққа, ел экономикасына оң әсер ететінін ескерсек, ең алдымен мұндай жердегі кәсіп иелеріне қолдан кедергі жасамауымыз керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ