Тәлімі терең фестиваль
23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Тараз қаласында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап – ұлттық құндылық» атты республикалық кітап фестивалі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, жазушы әрі баспагер Ырысбек Дәбей, прозашы Мақсат Мәлік және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының өкілі Нұрбала Текесбаева арнайы қатысты. Фестиваль аясында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, елімізге танымал «Алқа», «Арман-ПВ», «Астана кітап», «Qasym», «Отбасы хрестоматиясы», «Таймас», «Шыңкітап», «Сенімен болашақ», «Аруна», «Мазмұндама», «Дарын», «Мarfu press», «Атамұра» баспалары мен «Ziyat», «Kitap all», «Букинист», «Шерхан Мұртаза» секілді кітап дүкендері өз өнімдерін ұсынды.
Салтанатты ашылу рәсімінде Мәлік Отарбаев құттықтау сөз сөйлеп, кітап қай заманда, қандай қоғамда болмасын әрқашан құнды құрал екендігін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов мәдениет пен әдебиетті дамыту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп, облыстағы ең көп кітап оқыған 14 үздік оқырманды марапаттады.
Фестиваль барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» атты үш томдық жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. Сондай-ақ «Шабыт» ақындар клубының мүшесі Мағауия Аманкелдиевтің «Өлеңдерім – өмірімнің айнасы» атты жыр жинағының және Түркі әлемі халықтары Жазушылар одағының «Тұран тағылымы» төсбелгілерінің иегері Дәмегүл Бақытжанованың «Сезім сыңғыры» атты жинағының лентасы қиылды.
Фестиваль жұмысы елімізге белгілі ақын-жазушылармен сұхбаттасуға мүмкіндік берген автограф-сессия алаңына ұласты. Онда оқырмандар қонақтарға сауалдарын қойып, авторлардан қолтаңба алды. Ал ақын Нұржан Қадірәлі модераторлық еткен «Жыр жалын» поэзия алаңында өңіріміздегі жас ақындар өз өлеңдерін оқыды.
Сонымен қатар, кітап фестивалі аясында түрлі тақырыптағы тренингтер, танымдық акциялар мен ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылды.
Фестиваль келесі күні кітап жәрмеңкесімен жалғасын тауып, «Кітап – өмір ұстазы» атты жас ақындар айтысына ұласты.
Айжан ӨЗБЕКОВА