Экономика

Химия өнеркәсібін дамыту – басты назарда

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысымызға жұмыс сапары аясында еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратын ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, әскери бөлім командирі, полковник Ғазиз Кәдірбек, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев және Ауған соғысының ардагері Дүкенбай Ермеков қатысты.

Кездесу барысында Мәлік Отарбаев Президент тапсырмалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауда әскери құрылымдардың еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.

Басқосу барысында әскери бөлімнің жеке құрамымен ашық форматта әңгіме өрбіді. Жас сарбаздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ел дамуындағы өздерінің рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, кездесуде патриоттық тәрбие, ұлттық рухты көтеру, жастардың бойына елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті сіңіру жайлы да сөз қозғалды.

Жиынды қорытындылаған Президент кеңесшісі әскери қызметкерлерге сәттілік тілеп, мемлекеттің болашағы жолында бірлесе еңбек етуге шақырды. Өз кезегінде сарбаздар мен офицерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын жеткізді.

***

Мұнан кейін Мәлік Нұржанұлы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесті.

Еліміздегі химия өнеркәсібі өнімінің 20 пайыздан астамы облысымызда өндіріледі. Әсіресе «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлесі басым. Аталған серіктестіктің бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеевтің айтуынша, зауыт 1945 жылы өз жұмысын бастаған. Ал ресми атауы 1999 жылы беріліп, сол жылы бірнеше химиялық кәсіпорындардың басы біріккен.

Кездесуде сөз алған Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмаларына тоқталып, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып отырған «Қазфосфат» ұжымына өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, Мәлік Нұржанұлы кәсіби кадр даярлау қажеттігіне ерекше тоқталды.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ,

Мұқағали БАЛТАБАЕВ