Шуда енді болат та өндіріледі, жүгері де өңделеді
Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша тапсырмасына сәйкес облысымызда өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қолдау бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асуда.
Сондай жоспарлы жобалардың бірі – Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағының аумағындағы металлургиялық зауыт.
Кәсіпорын құрылысының басталу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Қытайдың жетекші металлургиялық компаниясы «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» салатын зауыттың өндірістік қуаты жылына 3 миллион тоннаға дейін жетеді. Инвестиция көлемі 564 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Алғашқы кезеңде 1 000-нан аса адам жұмыспен қамтылады.
Компания үлкен тәжірибесін пайдалана отырып, сапалы және бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін темір рудасын терең өңдеудің толық циклін жолға қоюға ниетті. Бірінші кезеңде 1 миллион тоннаға дейін арматура, созба сым, бұрышты болат, ал екінші кезеңде 2 миллион тонна профилді және жолақты болат шығарылмақ.
Кәсіпорында темірді тікелей қалпына келтіру технологиясы енгізіледі. Бұл – өнім құрамындағы темірдің жоғары мөлшерде сақталуын қамтамасыз етеді. Өнеркәсіпте ғылыми тәсіл мен заманауи технологиялардың тиімді үйлесуі өндірістің экологиялық тұрақтылығын арттыра түседі.
Зауытты іске қосу – сабақтас салалардың дамуына берік негіз қалап, өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен ел Үкіметінің қолдауының арқасында өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, ірі халықаралық жобалар іске асырылуда. Экономиканың стратегиялық салалары жүйелі түрде дамып келеді.
Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 3,6 триллион теңге болатын, 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 82 жоба бар. 2025 жылы жалпы сомасы 175,2 миллиард теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарланған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға көп инвестиция тартылды.
Бүгінгі жоба – мемлекет пен бизнес арасындағы табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгісі, жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты өсудің символы, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянь мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдіріп, жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтудағы қосымша дәнекер болатынына сенім білдірді.
***
Cонымен қатар Шу ауданында «Shengtai Biotech Co., Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүгеріні терең өңдеу бойынша аса маңызды, ауқымды инвестициялық жобасын жүзеге асыру басталды.
Жобаның бастамашысы – биоөнімдерді өндіретін халықаралық «Fufeng Group» компаниясы.
Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мыңнан 1 миллион тонна жүгері өндіруге жетіп, кейіннен 3 миллион тоннаға дейін өседі. Инвестиция көлемі шамамен 420 миллиард теңгені құрайды.
Жоба құрылыс кезеңінде 6000 жұмыс орнын ашуға, ал пайдалануға берілгеннен кейін 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді Бастапқы кезеңде 400 жұмыс орны ашылады.
Компания биыл 2026 жылдың өнімін өңдеу үшін 300 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жамбылдық шаруалармен офтейк-келісімшарттар жасасып, өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалауды көздейді.
Жүгеріні терең өңдеу қосымша құны жоғары өнімдер – аминқышқылдары (лейцин, валин, изолейцин, глутамин, цитрулин), крахмал, глюкоза алуға мүмкіндік береді. Қалдықсыз өндіріс жолға қойылады. Дәнді дақылдардың қалдықтарын мал азығы ретінде пайдалану жоспарлануда.
Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ербол Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
– Ел Президенті өңделген ауылшаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу межесін қойды. Басым бағыттардың бірі – дәнді дақылдарды терең өңдеу.
Бүгінгі жоба – бұл міндеттің іс жүзінде жүзеге асуының жарқын көрінісі. Зауыт егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас жүйені қалыптастырады.
Бұл бірегей жоба Қазақстанның барлық оңтүстік өңірлерінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, жергілікті ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс әкеледі, – деді Ербол Қарашөкеев.
«Fufeng Group Limited» басқарма төрағасы Ли Сюэчунь ұзақ мерзімді инвестициялық ынтымақтастық туралы айта келе, Жамбыл облысының әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.
Айта кетейік, 2025 жылдың 3 айында облысқа 120,5 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі