Сайлау – мемлекеттің орнықты саясаты
Біздің елімізде сайлау жүйесі көне замандардан бері қалыптасқан. Ол кездерде сайлау халық жиындары түрінде жүзеге асқан. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ даласындағы хан сайлауы - тарихи маңызға ие сайлау жүйесінің бірі. Қазақ ақ киізге хан көтерген адамын сайлау мақсатында әр рудың игі жақсыларының басын қосып, солардың дауысын жинау үшін халық жиындарын ұйымдастырған. Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» қағидалары халық жиындарында көптің талқылауынан өтіп барып қабылданған екен.Сондай-ақ, өз заманында аға сұлтандарды, болыстарды сайлау да бекітілген ережеге сәйкес өткізіліп отырды.
ТАРИХҚА ЗЕР САЛСАҚ...
Қазақ тарихындағы билердің, жүздердің, ру-тайпалардың өкілдерінің қатысуымен болған сайлаулар сол кезде-ақ демократияның дамығандығын көрсетеді.
Өткен ғасырдың басында Қазақстан аумағында Ресей империясының Мемлекеттік Думасына сайлаулар өткізілді. Қазақ елінің өкілдері сайлауға қатысып, Думада саусақпен санарлықтай болса да, өтіп отырды.
1937 жылы қабылданған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конситуциясында жаңа мемлекеттік биліктің жоғарғы органы болып, төрт жылға сайланатын Қазақ ССР Жоғары Кеңесі тағайындалды. Конституцияның талабына сәйкес, жаңа жүйедегі сайлау жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау негізінде, жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асатын болды. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің тұңғыш сайлауы 1938 жылы өткізілді. Әрбір сайлау округінен бір депутаттан сайланды. Ол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаттық корпусын қалыптастыру партияның қатаң бақылауымен, баламасыз негізде өткен. Мемлекеттік органдардың жоғарғы шенді шенеуніктері, партия, комсомол, кәсіподақ органдарының басшылары атқаратын қызметіне қарай депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған.
Кеңес Одағы ыдырағанға дейінгі сайлаулар балама негізде ұйымдастырылғанымен, Коммунистік партияның ықпалы әрі бақылауымен өткізіліп келді.
Ал, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің сайлау жүйесі демократиялық ұстанымдарды, әлемдік тәжірибелерді негізге ала бастады.
Егемен еліміздің 1995 жылғы Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық екенін анықтады.
Демократиялық сайлаудың негізгі ұстанымы, ол бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау. Бұл ретте азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды.
Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.
Ата Заңымыздың 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа толған азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді.
Конституцияның талабына сәйкес, сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі болғандықтан, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанады. Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті мен мәслихаттарының депутаттарын, сондай-ақ аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау біздің елімізде Ата Заңға, ұлттық заңнамаларға және Жалпыға бірдей адам құқықтары Декларациясына, сондай-ақ, өзге де халықаралық құжаттарға енгізілген демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танымал принциптеріне сәйкес ашықтық және жариялылық жағдайларында өтуі негізделген.
Еліміздегі сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.
ҚР Конституциясының және осы Заңның ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті Мәжілісінің, мәслихаттарының депутаттарын, сондай-ақ аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының, аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізіледі.
КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ
Әрине, жас мемлекеттің қалыптасу, даму тарихында демократиялық құндылықтарды басшылыққа ала отырып өткізілген сайлау науқандары мінсіз деп айтудан аулақпыз. Ғасырлық демократиялық дәстүрі бар ежелгі мемлекеттердің өзінде де әрбір сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктер табылады.
Сондықтан, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң үнемі жетілдіріліп, түзетіліп отырды.
Осылардың негізгілеріне тоқталсақ, 2004 жылы баламасыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталып, сайлау комиссияларын қалыптастырудың жаңа қағидаты – саяси партиялардың ұсынуымен жергілікті өкілді органдарды сайлау бастамасы енгізілді. Сайлаушылардың тізімін құру қағидаты өзгеріп, олар тізімге тұрғылықты жеріндегі тіркеуге сәйкес енгізілді. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділік беріліп, отандық және халықаралық байқаушылардың құқықтары едәуір кеңейді.
Ал, Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістерге байланысты «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Заңында Парламент Мәжілісін қалыптастырудың жаңа тәртібі белгіленді. Саяси партиялардың сайлау комиссияларының жұмысына қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Атап айтқанда, сайлау комиссиясының құрамында өкілдері жоқ саяси партиялар сайлау науқанын дайындау және өткізу кезеңінде сайлау комиссиясына өзінің өкілін жіберуге құқылы болды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға 2009 жылы енгізілген маңызды өзгерістің бірі - екінші партия заңда белгіленген 7 пайыздық кедергіні еңсермеген жағдайда да, кемінде екі саяси партияның қатысуымен Парламент Мәжілісін құруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктің қарастырылуы болды. Бұның енгізілуіне себеп - 2007 жылы өткізілген Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда дауыс беру нәтижелері бойынша қалған барлық партиялар заңда белгіленген 7 пайыздық кедергіні еңсермегендіктен, барлық мандаттар бір партияға тиесілі болып қалған еді.
Заңнамаға 2011 жылғы енгізілген толықтырулар республика Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу мәселелерін қамтыды. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.
2013 жылғы толықтырулар Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кезектен тыс сайланған депутаттар өкілеттіктерінің конституциялық мерзімін есептеуге қатысты болды. Сайлау заңнамасымен бірге сайлау үдерісі де жақсарды. Сайлаушылардың және басқа да сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениеті артты.
Қанатқақты жоба ретінде қолға алынған әкімдердің сайлауы елдегі саяси реформаның кезең-кезеңмен жүзеге асырыла бастағанын көрсетті. Бұрын әкімдер тағайындалып келсе, 2013 жылдан бастап жергілікті мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы жанама сайлаумен сайланды. Бұл үдеріс одан да демократиялана түсіп, ауыл әкімдерінің сайлауы ұйымдастырыла бастады. Ол 2021 жылдың 25 шілдесіндегі сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес өтіп келеді. Бұл одан әрі 2023 жылдан бастап аудан әкімін тікелей сайлауы арқылы жалғасын тапты.
Аталған сайлаулар еліміздегі сайлау жүйесінің дамуына өз ықпалын тигізіп, азаматтық қоғамның нығаюына жол ашты. Ең бастысы, бұл реформа біртұтас сайлау жүйесінің конституциялық-құқықтық негізін қалыптастырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды.
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды.
Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді»,-деп атап көрсетті.
ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ НЫҒАЙДЫ
Мемлекет басшысының Жолдауы сайлау жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды. Президенттің бастамалары халықтың сенімін нығайтып, саяси мәдениетті дамытуға ықпал етті. Алдағы уақытта бұл реформалар елдегі демократиялық процестерді жетілдіруге әрі халықтың саяси белсенділігін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Соңғы жылдары Қазақстандағы сайлау жүйесін трансформациялау барысында елімізде дүниежүзілік сайлау жүйесінің қағидаты негізінде мажоритарлық (бір мандатты) және пропорционалды сайлау жүйелері енгізілді. Нәтижесінде, Парламент Мәжілісінің 30 пайызын, облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызын партиялық тізімдер бойынша, ал Қазақстан Республикасы Президентін, қала, аудандық мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді, өзге де өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда бір мандаттық сайлау жүйесі қолданылып, жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде тікелей халық сайлайтын болды. Мажоритарлық сайлау жүйесінің ерекшелігі, сайлаушылардың басым көпшілігі дауыс берген кандидат сайланған болып саналады.
Қазақстан Республикасының Президенті жеті жыл мерзімге сайланады. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратын, жоғары білімі және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар республика азаматы сайлана алады.
Еліміздегі заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғарғы орган – Парламент екі палатадан, яғни Сенаттан және Мәжілістен тұратындығы белгілі. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беруге қатысқан таңдаушылар дауысының 50 пайызынан астам дауысын жинаған жағдайда 6 жылға сайланады. Парламент Сенатының депутаттарын жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады.
Ал, Мәжіліс және облыстық мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Пропорционалды өкілеттік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ, бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Қатысқан сайлаушылардың көпшілігі жақтап дауыс берген кандидат 5 жыл мерзімге сайланады. Мұндағы өзгеріс, сайлау барысында саяси партиялар арасында мандат бөлу рәсімі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Сөйтіп, көпшілік саяси партиялардың депутаттық мандатты бөлісу процесіне қатысуларына жеңілдік жасалды.
2023 жылдың наурыз айында өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат деутаттарының сайлауында бұрынғы сайлауларға қарағанда, алты партияның өкілдері депутаттық мандатқа ие болды.
Ал мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша депутаттардың жартысы, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша - екінші жартысы сайланады.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың саны енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауы тиіс.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының және Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сай, жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы 4 жылға қызметке сайлайды.
2021 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімін аудандық мәслихат депутаттары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында сайлап келді. Баламалы негізде сайланатын кандидаттар 25 жасқа толған, сондай-ақ, аудан әкімі ұсынған және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілген болатын. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қазіргі таңда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін және аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау мажоритарлық жүйеге көшіріліп, сайлау құқығы тікелей халыққа берілді.
Енді сайлау барысы туралы айта кетсек, сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін тәуелсіз сайлау комиссиялары құрылады. Олардың қызметі сайлауды ұйымдастыру мен өткізу, құқық бұзушылықтарды анықтау және шешу болып табылады.
Сайлау барысында дауыс беру тәртібі заңмен реттеледі. Дауыс беру әдістері әділ жүргізілуі тиіс.
Заң бойынша, саяси партиялар мен азаматтар өздерін кандидат ретінде ұсыну құқығына ие. Бұл бәсекелестікті қамтамасыз етеді және азаматтардың түрлі пікірлерін білдіруге мүмкіндік береді.
Сайлау процесіне қоғамдық ұйымдардың, байқаушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыса алады. Бұл сайлау бақылаушыларының рөлін арттырады және ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сайлау туралы ақпарат азаматтарға қолжетімді болуы керек. Сайлау барысы, кандидаттар және олардың бағдарламалары туралы ақпаратты жариялау сайлаушылардың дұрыс таңдау жасауына көмектеседі.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, сайлау заңдылықтарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, дауыс беруге мәжбүрлеу, бір сайлаушының бірнеше рет дауыс беруі, сайлау жәшіктерін заңсыз ашу немесе бюллетеньдерді бұрмалау, дауыс санау кезінде заң бұзушылыққа жол беру сияқты заңсыз әрекеттер үшін жауапты тұлғаларға айыппұл салынуы немесе қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін.
КОМИССИЯЛАР ТҰРАҚТЫ НЕГІЗДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Сайлауларды ұйымдастыруда, өткізуде жауапкершілік жүгі түрлі деңгейдегі сайлау комиссияларына түсетіні ескеріліп, оларға мемлекеттік қызметкерлермен тең дәрежедегі құқық берілген. Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін орталық, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары құрайды. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды. Олардың өкілеттік мерзімдері 5 жылды құрайды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдан бастап облыс көлемінде 156 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округтерде жалпы саны 171 әкімнің тікелей сайлауы өтті. Оның ішінде 25 округте екі рет, ал 2 округте үш рет сайлау өткізілген. Кандидаттарды ұсыну барысында саяси партиялармен бірге жеке азаматтардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі едәуір жоғары болды. Бұның айғағы, жоғарыдағы ауыл әкімдерінің сайлауын даярлау барысында жалпы 645 үміткердің ішінде 470 азамат өзін-өзі ұсынған немесе 72,8 пайызды құраған. Ал, сайланған әкімдердің 22,8 пайызын өзін-өзі ұсынған азаматтар құрады.
Елімізде 2023 жылы пилоттық режимде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Соның ішінде біздің облысымызда Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері халықтың таңдауымен айқындалды. Биылдан бастап өкілеттік мерзімі аяқталған аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы осы жүйе бойынша тұрақты түрде өтетін болады.
Жалпы облыстағы 714 сайлау комиссиясының құрамында 4586 мүше бар.
Биылғы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша, облыста 729 мыңнан астам сайлаушы «Сайлаушылар тізіміне» енгізілген, олардың 233 мыңын немесе 32 пайызын жастар құрайды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін кәсіби тұрақты негізге көшіру туралы өзгеріс енгізіліп, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық аумақтық сайлау комиссиясының барлық 7 мүшесі, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының 3 мүшесі, яғни төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары кәсіби тұрақты негізде жұмыс атқаруда.
Аумақтық сайлау комиссиялары Президент, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, әкімдер және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді. Ал, округтік сайлау комиссиялары бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауды өткізуді ұйымдастырады. Учаскелік сайлау комиссиялары Президент, Парламент және мәслихаттар депутаттарын, әкімдерді сайлау жөніндегі ұйымдастыру шараларын жүргізеді.
Еліміздің Ата Заңында республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығы айқындалған. Елімізде республика азаматы сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асырады. Сонымен қатар, азаматтардың сайлауға қатысуы ерікті болып табылады және оларды сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркін білдіруді шектеуге ешкімнің де құқығы жоқ.
Сайлау - мемлекеттің орнықты саясаты. Ендеше, саяси шешімдерді қабылдауда қоғаммен пікірлесу және азаматтардың таңдау құқығына сүйену - әрбір мемлекеттің саяси бағытының ажырамас бөлігі болып қала бермек.
Асан ТІЛЕМІСОВ