Жаңалықтар

Экономиканың өсуіне жаңаша серпін

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, мультипликативтік әсері бар бірқатар ірі жобаның жүзеге асырылуын мысалға ала отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев негізгі экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады. Жалпы өңірлік өнім өткен жылдың соңында 2,2 триллион теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 188 миллиард теңгеге жетсе, оның 122,5 миллиард теңгесі өңдеу саласына тиесілі.

Премьер-министр «Алатау» индустриялық сауда логистикалық кешенін үлгі етіп, өңірде экономиканың жаңа өсу бағыттарын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.

Қордай ауданында Қазақстан тарапындағы «Қарасу» және Қырғызстан тарапынан «Ақ-Тілек» өткізу бекеттеріне іргелес жатқан индустриялық сауда-логистикалық кешенінің (ИСЛК) аумағын аралады. Аталған жоба екі Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қойған өзара тауар айналымын 3 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту жөніндегі міндеттері аясында жүзеге асырылуда. ҚР Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғыз Республикасының экономика және коммерция министрі Бақыт Сыдықов жүргізіліп жатқан бірлескен жұмыстар туралы айтты.

Бүгінгі таңда сүт, ет, жидек және көкөніс, тоқыма, фармацевтика және басқа да өнімдер өндірісі саласындағы кооперациялық жобалар үшін инфрақұрылым құрылуда. Жаңадан тауарлар өндіру және оларды халықаралық тауар өткізу жүйелеріне тиімді интеграциялау арқылы әрі қарай сату басты мақсат болып отыр.

«Romsey Holdings KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі индустриялық кешен компаниясының басқарушы директоры Абзал Мыңбаев индустриялық сауда-логистикалық кешен (ИСЛК) аумағына инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және Қазақстан аумағында ауылшаруашылық өнімдерін, пластик ыдыстарды қайта өңдеу, кабельдік өнімдер мен фарфор ыдыстарын дайындайтын өндіріс орындарын ашу туралы жоспарларын баяндады. Аталған жобалар бойынша инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар ИСЛК-ті «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағының қосалқы аймағы ретінде қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл инвестициялық тартымдылықты арттырады.

«Мемлекет басшысы таяуда өткен кеңесте ел экономикасының өсу қарқыны мен тартылған инвестиция көлемін төмендетпеу міндетін қойды. Ауқымды индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылуы өнеркәсіптік өндірісті дамытуға, дайын өнімді өткізудің тиімді жүйесін құруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта инвестициядан бастап жеткізуге дейінгі барлық тізбек бойынша белсенді жұмыс істеу маңызды. Жобаға жәрдемдесу үшін инженерлік инфрақұрылым мәселелерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешу қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ «KORCEM» ЖШС цемент зауытында Премьер-министр өңірдің құрылыс индустриясының дамуымен танысты. Өткен жылы іске қосылған кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,3 миллион тонна цементті құрайды. Өнімдер ішкі нарықта сатылады. Сонымен қатар Өзбекстан, Ресей және Қырғызстанға экспортталады. «KORCEM» ЖШС бас директорының орынбасары Станислав Щербаков қалдықтар мен шаң жинау құрылғыларының жоғары сүзу жүйелерін қамтитын озық технологияларды өндірісте қолдану туралы хабардар етті. Зауытта халықаралық стандарттарға сәйкес DCS интеллектуалды жүйесі енгізілген. Барлық технологиялық цикл механикалық үдерістерді басқаруға мүмкіндік беретін орталық басқару пультінен жүзеге асырылады.

Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қазақстандық нарықты отандық цементпен қамтамасыз ету және экспорттық нарықтарды кеңейту ісінде зауытқа жәрдемдесуді тапсырды.

Рrimeminister.kz