Шетелдік ғалымдардың білімге ықпалы зор
Соңғы жылдары облысымызда шетелдік мамандармен байланыс орнату біртіндеп жолға қойылып келеді. Әлемнің әр елінен келген білікті ұстаздар бүгінде өңіріміздегі жоғары оқу орындарында ғана емес, жалпы білім беретін мектептерде де белсенді қызмет атқаруда. Олар жергілікті білім беру жүйесіне тың серпін әкеліп, болашақ мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға айтарлықтай үлес қосып жүр
АҚШ-ТАН КЕЛГЕН ДЖЕЙКОБ ҰСТАЗ
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті шетелдік профессорлар мен лекторларды түрлі білім беру бағдарламаларына тарту арқылы студенттерге сапалы, жаңашыл білім беру ісінде табысты тірліктер атқаруда. Шетелдік ғалымдарды шақыру университетте оқытуды интернационалдандыруға бағытталған, университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және де қоғамдағы тартымды имиджін қалыптастырады. Халықаралық ынтымақтастық басқармасы университетке шетелдік ғалымдарды тарту жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіледі. Шетелдік ғалымдарды тарту Erasmus+, DAAD, Fulbright (АҚШ елшігінің қаржыландыруымен), Оңтүстік Корея елшілігінің қаржыландыруы, республикалық бюджет есебінен қолдау бағдарламалары бойынша жүзеге асырылуда:
Былтыр Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен (республикалық бюджет есебінен) университетке АҚШ, Үндістан, Қытай, Индонезия, Малайзия және тағы да басқа елдерден 10 профессор шақыртылды. Бұл профессорлар бір ай бойы университет студенттеріне дәріс оқыды, дөңгелек үстелдер, семинарлар, лекциялар мен шеберлік сабақтарын өткізді, магистранттар мен докторанттарға кеңес берді, оқу бағдарламалары мен оқытушылардың жұмысына шолулар жазды, университетіміздің оқытушыларымен бірлескен мақалалар жариялады.
Жыл сайын Дулати университетіне Fulbright English Teaching Assistant бағдарламасы аясында оқытушы толық оқу жылына шақырылады. Бұл бағдарлама Америка Құрама Штаттары мен басқа елдердің азаматтары арасындағы мәдени және академиялық байланыстарды нығайту үшін АҚШ Мемлекеттік департаментімен қаржыландырылады. Дж. Уильям Фулбрайт бағдарламасы 1946 жылы Америка халқы мен әлем халқы арасындағы өзара түсіністікке жәрдемдесу мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда Фулбрайт бағдарламасы – әлемдегі ең танымал және беделді бағдарламалардың бірі.
Қазіргі сәтте аталмыш бағдарлама аясында Калифорния штатында тұратын Джейкоб Пакетт Дулати университетінің студенттеріне сабақ беріп жүр. Тәжірибе алмасу 10 айға, яғни 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың шілдесіне дейін жоспарланған. Шетелдік маман бұған дейін Вашингтонда адам құқықтары және сыртқы саясат саласында жұмыс істеген.
Джейкоб ағылшын тілінде сөйлеу сапасын жақсарту үшін шәкірттерімен бейресми қарым-қатынас орнатқан. Студенттеріне «жеке тұлғаны» дамытуға бағытталатын интерактивті әдістер арқылы сабақ бергенді жөн көреді. Шетелдік ұстаздың жасы 24-те болғандықтан көп студенттеріммен шәкірт пен мұғалім ғана емес, дос болып кеткен.
Шетелдік оқытушы болашақта өз еліне қайтқан соң, үкіметте, халықаралық істерде немесе дипломатиялық салада еңбек еткісі келеді. Джейкоб Орталық Азия мәдениеті жөніндегі білімі мен тәжірибесін АҚШ-тың ұлттық мүдделерін ілгерілетуге, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағыттайтынын айтады.
ТАРАЗДЫҚ ӨРЕНДЕР КОРЕЙ ПЕН ТҮРІК ТІЛДЕРІН МЕҢГЕРІП ЖҮР
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті де шетелдік мамандарды тартуға ерекше көңіл бөледі. Халықаралық ынтымақтастық университеттің білім беру сапасын арттыруға, студенттерге түрлі мәдениеттер мен тілдерді таныстыруға мүмкіндік береді. Шетелдік мамандардың тәжірибесі мен білімі университеттің оқу процесіне жаңа көзқарас пен әдістемелерді енгізуге ықпал етеді.
Білім беру мекемесінің «Педагогика» факультеті, «Шетел тілдері» кафедрасында қос бірдей шетелдік маман дәріс жүргізеді. Түркия мемлекетінің беделді ғалымдарының бірі, түркітанушы және лингвист Эмин Оба мен Оңтүстік Кореядан келген Чо Донггюннің білім беруімен жамбылдық жастар шетел тілін меңгеріп жүр.
«Шетел тілдері» кафедрасының PhD, профессор-ассистенті, түрік тілінің оқытушысы Эмин Оба университетке 2021 жылы сол кездегі ректор Ерболат Саурықовтың арнайы шақыртуымен келген. Мұнда келгенге дейін «Стамбул» университетінде сабақ берген. Көне түркі тілінің шығу тарихын тереңінен зерттеп жүрген ғалым, әсіресе қазақ тіліндегі араб және парсы тілдерінен енген кірме сөздердің фонетикалық өзгерістерін, ежелгі қыпшақ тілінің қазақ, моңғол тілдерімен байланысын зерттеуге көп уақытын арнайды. Сондай-ақ кірме сөздердің қазақ тіліне қалай бейімделгенін, дыбысталуы мен мағынасы қалай өзгергенін, қазіргі күнделікті сөйлеу тілінде қалай қолданылатынын талдауда да жемісті еңбек етіп келеді. Э.Оба осы бағытта жазылған көптеген ғылыми еңбектер мен жарық көрген кітаптардың авторы.
Алайда шетелдік маман еліміздегі білім беру жүйесінде өзі келіспейтін, түсіне алмайтын тұстар көп екенін де бүкпей айтты.
«Шетел тілі» кафедрасының студенті түрік ағайының сабағынан үйренгендері көп екенін айтады. Мәселен, «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 2-курс студенті Дастан Баймаханов Эмин ұстазының сабақ өту тәсілі өзгеше екенін жеткізді.
Қазіргі сәтте Эмин Таразда жүріп өзінің ғылыми жолын сәтті жалғастыруда. Түркітанушы бүгінгі таңда «Көне қыпшақ – қазақ тілі» сөздігін құрастыру жолында тер төгіп жүр. Осында келгелі «Шетел тілдері» кафедрасындағы жақын әріптесі Ардақ Тлендиевпен бірігіп «Қожанасырдың хикаялары» кітабын жарыққа шығарды. Жинақта түркі халықтарына ортақ кейіпкер Қожанасардың қызықты оқиғалары түрік және қазақ нұсқада, аударма түрінде жазылған.
Ал «Шетел тілдері» кафедрасының ассистенті, кәріс тілінің оқытушысы Чо Донггюн «Таразға келіп, өмірімнің мәнін тапқандаймын» деп ағынан жарылды.
Сұхбатты таза қазақша, аудармашының көмегінсіз жүргізген Чо Донггюн өз дәрістерін студенттердің тілдері жаттығу үшін көбіне кәріс тілінде өткізетінін айтты. Айталық, жаңа келген 1-курс студенттеріне білім 60 пайыз қазақ, 40 пайыз кәріс тілінде берілсе, 4-курстағыларға сабақ негізінен кәріс тілінде өтеді екен. Шетелдік дәріскердің айтуынша, кезінде Ерболат Саурықовтың бастамасымен Ш.Мұртаза атындағы халықаралық университет Оңтүстік Кореядағы ең беделді оқу орындарының бірімен меморандум жасауға талпынып, белгісіз себептерге байланысты бастама межесіне жете алмай қалған екен. Ұстаз осы жоба қайта қолға алынып, діттеген мақсатына жетсе екен деп армандайды. Сонда жамбылдық өрендер Таразда да, Корея елінде де қатар білім алып, мықты маман болып шығар еді. Кейін осындай үздік түлектерге мол мүмкіндік ашылары да анық. Десе де Чо Донггюн екі ел арасында алтын көпір болып, осы жүйені қалай да енгізудің жолын іздейтінін айтып қуантты.
«Шетел тілдері» кафедрасы, «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан, 4-курс, студенті Жания Кадирхан ұстазының оқыту тәсілі әрбір студентке ерекше көңіл бөлумен ерекшеленетінін айтады.
ЧЕМПИОНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕГЕН МЕЛА
Тараз қаласындағы 125 High School мектебі де соңғы жылдары халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне белсенді енгізіп келеді. Бұл бастаманың жарқын мысалдарының бірі – ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп жүрген Филиппиннен келген ұстаз Мэла ханым.
Педагог сабақ барысында топтық жұмыс, диалог құру, ойын арқылы үйрету, презентациялар мен шағын жобалар жасау секілді түрлі стратегияларды қолданады. Мэла үшін оқушы белсенділігі, өз ойын ашық айтуы – басты бағалау өлшемдері. Қазақ балаларының білімге деген құштарлығы мен жаңаны үйренсем деген тынымсыз еңбегі ұстаздың кәсіби қабілетін шыңдай түскен.
Мэла ханым өз елінде қолданатын бағалау жүйесін біздің мектеп тәжірибесімен үйлестіріп, жақсы бір әдіс жасап шықты. Ол оқушыны тек тестпен ғана емес, сабақтағы белсенділігіне де қарап бағалайды. Яғни, оқушының сабаққа қатысуы, қалай сөйлейтіні, үй тапсырмасын қалай орындайтыны, топпен жұмыс істеуі – бәрі ескеріледі. Осындай жан-жақты бағалау оқушылардың сабаққа деген ынтасын оятып, ағылшын тілін тереңірек үйренуіне көмектесіп отыр. Бүгінде оның шәкірттері ағылшын тілін жетік меңгеріп, түрлі олимпиадалар мен жобаларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Кейбірі халықаралық сайыстарда да көзге түсіп үлгерген.
Сөзімізге дәлел осыдан екі-үш жыл бұрын 125 High School мектебінде білім алатын, Ихсан Ілесов жамбылдық өреннің ағылшындықтарды өз елінде шаң қаптырып, Лондон қаласында ағылшын тілі пәні бойынша өткен олимпадада бас жүлдемен оралғаны туралы отандық басылымдар жарыса жазған болатын. Жаңалық алыс-жақын шетелге таралып, әлемге танымал болған дарынды ұлды халықаралық білім бәсекесіне дәл осы Мэла дайындаған болатын. Бір қызығы сол, ол алғашқы жылдары мұнда келгеніне көп бола қоймағандықтан бір ауыз қазақша білмесе де педагог Ихсанмен ұғынысудың әйтеуір бір амалын тапқан еді. Сол секілді бірер жыл бұрын ұстаздың шәкірттері Италия елінде ағылшын тілі пәні бойынша өткен олимпиадада да жасындай жарқыраған. Тараз қаласындағы 125 мектептің оқушылары ағылшын тілін терең меңгергенін айқын дәлелдеп, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 300-ге жуық қатарластарының арасынан озық шығып, 3 алтын медаль жеңіп алған. Педагог тәрбиелеген оқушылардың бұдан өзге де жетістікері жетерлік.
Өз жұмысынан ләззат алатын Мэла ханым, алдағы уақытта да осы мектепте сабақ беруді жалғастыруға ниетті. «Мектепке мен керек болғанша – осындамын. Әзірге бақыттымын», – дейді ол.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ