Тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты қалпына келтірілуде
Жамбыл облысында заңсыз және тиімсіз пайдаланылған қаржыларды қалпына келтіру, бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Тұрлыбековтың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік аудит объектілерінің жылдық тізбесіне сәйкес 16 мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары жүзеге асырылған. Сондай-ақ, 2023 жылғы облыстың, Тараз қаласының, аудандардың бюджеттерінің орындалуын кейіннен бағалауға және өңірде Арт-спорт бағдарламасын іске асырудың тиімділігіне сараптамалық-талдау іс-шаралары жүргізілген.
«Мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары 57 мемлекеттік аудит объектісінде жүргізілді. Сондай-ақ, үстеме тексерумен 62 мемлекеттік аудит объектісі қамтылды.
Мемлекеттік аудит кезінде 186 миллиард 375,3 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың заңдылығы тексерілді. Жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесінде 115 миллиард 892,0 миллион теңгенің бұзушылықтары, 613 бірлікті құрайтын рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар және 16 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Тарқатып айтсақ, 38 миллиард 700,2 миллион теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылық, 53 миллиард 940,5 миллион теңгені құрайтын тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері, 3 миллион 877,7 миллион теңгеге тең бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлау, 19 миллиард 373,7 миллион теңге көлемінде қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезінде анықталған қаржылық есептіліктің бұрмалануы орын алғаны мәлім болды», деді Нұржан Шалғынбайұлы.
Атап айтқанда бюджетке түсетін түсімдер бойынша 348,3 миллион теңге, бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдалану кезінде 32 миллиард 212,0 миллион теңге, бухгалтерлiк есепті жүргізу кезінде 6 миллиард 139,9 миллион теңге құқықбұзушылықтар анықталған.
Ықтимал шығындар және бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану кезінде жіберіп алған пайда – 1 миллиард 835,2 миллион теңге. Бюджет қаражатын пайдалану кезінде бюджет заңнамасының бұзушылықтары бойынша 50 жағдай тіркелген. Сол секілді бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде – 45, қаржылық есептілікті жасау кезінде – 35, құрылыс және қала құрылысы саласында – 176, мемлекеттік сатып алу саласында – 148, өзге де салалық заңнаманың бұзушылықтар бойынша 159 дерек анықталған. Рәсімдік бұзушылықтар саналатын ианықталған қаржылық есептіліктің бұрмалануы 7 миллиард 612,3 миллион теңгені құрайды.
Жалпы жүргізілген мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының қорытындылары бойынша есепті кезеңде Тексеру комиссиясының 16 қаулысы қабылданған екен. Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және кемшіліктерге жол берген лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін қарау жөнінде мемлекеттік аудит объектілеріне 63 нұсқама жолданған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ