Шымкентте 6 жасар баланың қазасынан соң аудан әкімі қызметінен кетті
Шымкент қаласының Тұран шағын ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды,деп хабарлайды arainfo.kz
Қайғылы оқиға 1-сынып оқушысы Айдын Сәуірбайдың кешкі уақытта далаға ойнауға шығып, үйіне оралмауынан басталған. Іздестіру жұмыстары барысында баланың денесі іші суға толған ашық шұңқырдан табылды.
Анықталғандай, бұл шұңқыр кәріз құбырларын жөндеу жұмыстары аясында қазылған. Алайда мердігер мекеме тарапынан қажетті қауіпсіздік шаралары сақталмаған: шұңқыр бір жылдан астам уақыт бойы ешқандай қоршаусыз, ашық күйінде жатқан.
Қызметтік тексеріс нәтижесінде Шымкент қаласының әкімі жауапты тұлғаларға қатысты нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда:
- Тұран шағын ауданының әкімі қызметінен босатылды;
- Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды;
- Ал осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары сөгіс алды.
Қала әкімдігі, сондай-ақ, мердігер ұйымдардың жауапкершілігі де қаралып жатқанын мәлімдеді. Тиісті заң аясында барлық кінәлі тараптар жауапқа тартылмақ.
Бұл жағдай қала инфрақұрылымындағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауы адам өміріне қандай ауыр салдар әкелетінін айқын көрсетті. Қоғам арасында үлкен резонанс тудырған бұл оқиға жауапты мекемелердің жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік стандарттарын қатаңдатуға түрткі болмақ.