Жаңалықтар

3 млн тонна болат өндіріледі: Жамбыл облысында металлургиялық зауыттың құрылысы басталды

Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қолдау бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асуда,деп хабарлайды arainfo.kz

​Сондай жоспарлы жобалардың бірі – Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағының аумағындағы металлургиялық зауыт. Кәсіпорын құрылысының басталу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

​Қытайдың жетекші металлургиялық компаниясы – Fujian Hengwang Investment Co., Ltd өндірістік қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін жететін металлургиялық зауыт салады.

​Инвестиция көлемі – 564 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Алғашқы кезеңде 1000-нан астам адам жұмыспен қамтылады.

​Компания үлкен тәжірибесін пайдалана отырып, сапалы және бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін темір рудасын терең өңдеудің толық циклін жолға қоюға ниетті: – бірінші кезеңде 1 млн тоннаға дейін арматура, созба сым, бұрышты болат, – екінші кезеңде 2 млн тонна профилді және жолақты болат шығарылмақ.

​Кәсіпорында темірді тікелей қалпына келтіру технологиясы енгізіледі. Бұл – өнім құрамындағы темірдің жоғары мөлшерде сақталуын қамтамасыз етеді. Өнеркәсіпте ғылыми тәсіл мен заманауи технологиялардың тиімді үйлесуі өндірістің экологиялық тұрақтылығын арттыра түседі.

​Зауытты іске қосу – сабақтас салалардың дамуына берік негіз қалап, өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянь мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдіріп, жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтудағы қосымша дәнекер болатынына сенім білдірді.