Мәселенің мән-жайы белгілі болды
Жуырда Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының қызметкерлері әлеуметтік төлемдерге қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтінім жолдаған болатын. Нақтырақ айтқанда, аурухана қызметкерлері зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды жүргізуге қатысты мәселе көтерген. Осыған орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз тарапынан жазбаша жауап берді.
2024 жылы қор мен Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы арасында жалпы сомасы 5,15 миллиард теңгеге медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарт жасалған. Өтінімде көрсетілгендей, соңғы алты айдағы төлемдер тұрақты, кестеге сай жүргізілді және өткен жылдың желтоқсанында қор шарттық міндеттемелерін толық орындады.
Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы қормен 2025 жылға жалпы сомасы 4,69 миллиард теңгеге келісім жасасты. Оның ішінде 1,3 миллиард теңгеден астамы төленді. Атап айтар болсақ, қаңтар айында аурухана 675 миллион теңге көлемінде аванс алды, наурызда қосымша 327 миллион теңге аударылды, ал сәуірде 335 миллион теңге төленді.
Осылайша қор барлық медициналық ұйымдармен, оның ішінде аталмыш аудандық ауруханамен де өз міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр. Ал зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды жүргізуге қатысты сұрақтар қор құзыретіне кірмейді. Ол медициналық ұйымның менеджментіне тікелей қатысты.
Осыған байланысты Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы ұжымымен кездесіп, жағдайды түсіндіру және қормен өзара ісқимылға қатысты басқа да сұрақтарға жауап беру үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері ауданға арнайы баратынын айта кетейік.
«AR-AI»-ақпарат