Кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді
Әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгіннің биігінен қарағанның өзінде елімізде кітапхана ісінің кең қанат жайып келе жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ең бастысы, қалың көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы арта түскені байқалады.
Мәселен Дінмұхамед Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекованың айтуынша, бүгінде жас та, жасамыс та, бала да, қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Тіпті оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді.
«1986 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан кітапхананың қорында бүгінгі күні 110 000-нан астам кітап болса, шамамен 46 мыңы мемлекеттік тілдегі кітаптар, қалғаны орыс және ағылшын тілдеріндегі әдебиеттер.
Кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету, балалар, негізгі қорды сақтау, кітаптарды өңдеу және цифрлы түрде қызмет көрсету сныды бірнеше бөлім жұмыс істейді. Біз қаладағы барлық мектептермен келісімшартқа отырып, жыл басынан бері жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы мүмкіндіктер қарастырылған. Олар кітапханадан қызықтырған тақырыптар бойынша ақпарат тауып, сұрақтарына жауап ала алады. Мамандарымыз оқырмандарға қажетті кітаптарды таңдауға, іздеуге көмектеседі, – дейді Гүлфайруз Іңкәрбекова.
Руханият ордасында қолға алынған түрлі жобалар арқылы кітапхана қызметінің қоғамдағы рөлін нығайту, жас буынды кітап оқуға ынталандыру және рухани дамуға жол ашу мақсат етіліпті.
Сымбат ҚУАНЫШ