Әлеумет

Ғылыми қауымдастық арасындағы байланыс нығая бермек

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «ХХІ ғасырдағы педагогика және психология ғылымдарының даму үрдістері мен перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шара Ғылым күніне орай ұйымдастырылып, білім беру мен психология саласындағы заманауи мәселелер мен тың көзқарастарды талқылауға арналды. Конференция жұмысына отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, практик-мамандар, магистранттар мен жас зерттеушілер қатысты.

Конференцияның модераторы университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков болды. Ол өз сөзінде педагогика мен психология ғылымдарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру қажеттілігіне назар аударды. Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ғылым мен тәрбие бағытындағы бастамаларына тоқталып, жас зерттеушілерге шабыт берді.

Жиын барысында қатысушылар ХХІ ғасырдағы педагогика мен психология ғылымдарының бағыт-бағдары, білім беру жүйесіндегі инновациялар, цифрлық трансформация, тәрбиенің ұлттық негіздері, жас ұрпақтың тұлғалық дамуы секілді ауқымды мәселелерді қозғады.

Пленарлық отырыста Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Финляндиядан келген ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасап, өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, қырғызстандық Нұргүл Койчуманова кибербуллинг мәселесін көтерсе, түркиялық профессор Юджел Гелишли мектепке дейінгі білім берудегі құндылықтар тәрбиесіне тоқталды. Тәжікстаннан келген Хусрав Азизов виртуалды және нақты кеңістікте студенттердің әлеуметтік тәжірибесін дамыту тақырыбында ой қозғады. Ал Финляндия өкілі Телле Хайликари халықаралық деңгейдегі мұғалім даярлау жобалары туралы айтты. Қазақстандық ғалымдар Жанат Сарыбекова мен Саясат Есеев отбасы тәрбиесінің маңызы мен шетелдік білім беру жүйелерінің ерекшеліктері жайлы баяндамалар жасады.

Конференция жұмысы төрт секциялық бағыт бойынша жалғасып, әр секцияда білім берудегі әдіснамалық және әдістемелік жаңашылдықтар, педагог мамандарды даярлау, тәрбиенің заманауи үлгілері мен ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында мазмұнды пікірталастар өтті.

Аталған ғылыми-тәжірибелік конференция педагогика мен психология ғылымдарының даму көкжиегін кеңейтіп, ғылыми қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға және халықаралық тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді.

Сымбат ҚУАНЫШ