Енді шағын өзендерге бөгет салу заңға қайшы

Қазақстан Республикасындағы су қоры 102 текше шақырымды құраса, оның 54 пайызы Қазақстанда, ал қалғаны көршілес мемлекеттер аумағында орналасқан. Елімізде ағын суға деген қажеттілік жыл сайын шамамен 25 текше шақырымды құраса, оның 65 пайызы – ауылшаруашылық, 25 пайызы өнеркәсіп қажеттіліктеріне жұмсалады екен.
Бүгінде мемлекет үшін ең маңызды міндеттің бірі – сушаруашылығы саласында стратегиялық жоспар жасап, қол жеткізілуі тиіс мақсаттар мен бағыттарды айқындау, аталған саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар жетерлік. Соның бірі – Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Су кодексі. Өткен аптаның соңына таман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжатқа қол қойған болатын. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, министрлік жаңа Кодексті бес негізгі қағидат бойынша әзірлепті. Онда су қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономиканың дамуының негізі ретінде тану атап көрсетілген. Сондай-ақ су қорын қорғау және оның сарқылуының алдын алу, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, жұртшылықты су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге тарту қарастырылған.
Жаңа кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізіліпті. Ол азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су объектілерін ластанудан қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының трансшекаралық су нысандарын қорғау және пайдалану бағытындағы мүддесін қорғауды қамтиды. Су көздерінің сарқылуының алдын алу үшін өзен-көлдер және теңіздердің экожүйесін қолдау мақсатында судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі айқындалған «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі.
Сонымен қатар су нысандарын қорғау бойынша талаптар кеңейтілген. Ең алдымен шағын өзендер мен көлдерді сақтауға назар аударылады. Атап айтқанда, шағын өзендерде су өткізбейтін бөгеттер салуға тыйым салынады. Сулы-батпақты жерлер мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі қарастырылған. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендердегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындайды.
Сондай-ақ жаңа Кодекс су ресурстарын басқарудың бас жоспарын және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл құжаттар су ресурстарының көлемі туралы болжамдарға сүйене отырып негізгі мақсат-міндеттерді, тәсілдерді және іс-шараларды анықтайды. Осы жоспарлардың қорытындысы мен ұсыныстары мемлекеттік жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс.
Бұдан бөлек жаңа Су кодексінің жобасы су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес кезінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратуды көздейді. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік су инспекциялары арқылы тасқын суды өткізу және қабылдау кезінде гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен жұмыс режимін бақылайды. Сонымен қатар министрлік тасқынды суайдындарға жіберуді қамтамасыз етуі тиіс. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны мен су тасқынынан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жұмысын жүзеге асырады. Жергілікті атқарушы органдар тасқын және еріген қар суының алдын алу және одан қорғауға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауылшаруашылығы алқаптарын және көлік инфрақұрылымын тасқын және еріген қар суынан қорғау үшін жерүсті су нысандарына санация (тазарту және тереңдету) жүргізеді.
Су ресурстары бойынша ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады. Құжатта еліміздегі су ресурстарының жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы мәлімет болады.
Су саласын цифрландыру үшін Ұлттық ақпараттық жүйе жасалады, оның жұмысын өткен жылы құрылған Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек қолданыстағы редакцияда қарастырылмаған, су үнемдеуді ынталандыру тетіктері енгізілді. Мысалы, айналымдағы немесе қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу жоспары болған кезде ғана суды пайдалануға рұқсат. Ал оған ауысуға бес жыл уақыт беріледі. Жоспар жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл мерзімде әзірленуі тиіс.
Жаңа құжаттың тағы бір ерекшелігі – гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарауға шығару. Онда гидротехникалық құрылыстардың тізілімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік декларацияларын әзірлей отырып, көпфакторлы тексеріс жүргізу мәселелері жүйеленген. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік регламентін әзірлеу қарастырылып отыр.
Жаңа Су кодексінде су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді. Бассейндік кеңестердің рөлі күшейтілді. Олардың ұсынымдары мен шешімдері бассейндік, аумақтық, салалық және бас жоспарды, даму бағдарламаларын әзірлеу және суды пайдалану лимиттерін айқындау кезінде ескеріледі.
Судың «қара нарығымен» тиімді күресу үшін бассейндік су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциялары күшейтілді. Оларға жедел ден қою шараларын қабылдау үшін қадағалау функциялары беріледі. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың су қорын қорғау және пайдалану саласында оларға жүктелген функциялардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізілетін болады.
Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске және Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске түзетулер енгізуге бастамашылық жасапты. Атап айтқанда, суды заңсыз пайдалану үшін жауапкершілікті қатаңдату «гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігін бұзу» атты жаңа бапты енгізу, Арал теңізі аумағында қазбаларды өндіруге тыйым салу және жерасты су ресурстарын тиімді басқару үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне бірқатар функцияларды беру ұсынылды.
«Жаңа Су кодексінің негізгі міндеттері – су үнемдеудің жалпыұлттық саясатын қалыптастыру және дамыту, ғылымды дамыту және ғылыми тәсілдерді пайдалану, елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұруды реттеу, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану. Сондай-ақ су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында тиімділік артады. Құжат Қазақстанның су саласының барлық бағыттарын қамтыған.
Айта кету керек, БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі Хьюберт Лор Қазақстанда қабылданған жаңа Су кодексіне жоғары баға берген болатын. Сарапшының пікіріне сүйенсек, құжат су инфрақұрылымын дамытумен шектелмей, экологияға да үлкен мән берген.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ