Мақсат – сушаруашылығын дамыту
Өңірде ирригациялық мақсаттар үшін пайдаланылатын су ресурстарының 85 пайызы Қырғыз Республикасынан келетіндігі белгілі. Сол себепті облыс ағын суға келгенде айырқалпақты ағайындарға тәуелді. Дегенмен әулиеаталықтардың тау суын бөлісу жөнінде қырғыз елімен арада жасасқан келісімі бар. Бірақ оның орындалуы жауын-шашынның түсіміне байланысты болатыны анық.
Атқарылар іс ауқымды
Біздің айтпағымыз – облыста су ресурстарын мейлінше үнемді пайдалану, қолда бар суқоймаларды қадағалау. Бұл тұрғыда облыста қандай іс-шаралар атқарылуда, алға қойған нақты жоспарлар бар ма, біз осыған назар аударған едік.
Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, 6 ауданда халықаралық банктердің несиесі есебінен құны 37,84 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде бөлінген қаражаттың 28,44 миллиард теңгесі игеріліп, ұзындығы 727,24 шақырым болатын су жүйелері қайта жаңғыртылыпты. Бұдан бөлек ағын су бармайтын алқаптар бойынша 46 ұңғыма қазылған. Соның арқасында 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артқан. Сондай-ақ кешенді жоспар аясында облыс аумағында орналасқан 203 суару каналына реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Бүгінде оның ішінде «Қарақат» каналы республикалық бюджет есебінен қайта жаңғыртудан өтіп жатса, 76-сына Ислам даму банкінің қарызы есебінен іске асырылатын «Климатқа орнықты су ресурстарын дамыту» жобасы бойынша қаржы бөлінбек. 24-інің жөндеу жұмысын жүргізу осы жобаның екінші кезеңіне ұсынылатын болыпты. Аталған каналдардың жобалық-сметалық құжаттамаларына өткен жылдың соңында сараптама қорытындысы алынған екен. Оның жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құраған. Қалған 102 каналға жобалық-сметалық құжаттамалар кезең-кезеңімен әзірленетін көрінеді.
Үкімет тарапынан бекітілген кешенді жоспарда облыста жаңа 10 суқойманың құрылысын жүргізу көрсетіліпті. Олар – «Ақмола», «Ырғайты», «Қалғұты», «Қарақыстақ», «Сұлутөр», «Көкдөнен», «Мақпал», «Шоңгер», «Молалы», «Қызылсай» суқоймалары. Тарқата айтсақ, әрқайсысының сыйымдылығы 15 миллион текше метр болатын Талас өзеніндегі «Ақмола» және Қалғұты өзеніндегі «Қалғұты» суқоймасын салу жобалары бойынша әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ырғайты өзеніндегі «Ырғайты» суқоймасын салу жобасы бойынша қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жоғарыда аталған суқойманың жобасын ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырысымен «Казгидро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеуде. Ал жергілікті бюджет есебінен құрылысы жоспарланған «Сұлутөр», «Мақпал», «Шөңгер», «Көкдөнен», «Қызылсай» суқоймаларына жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге өткен жылы 72 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі уақытта құжаттарды әзірлеу аяқталу сатысында және сараптама қорытындысын алу осы жылдың ІІІ тоқсанына белгіленіпті. Қалған «Қарақыстақ» және «Молалы» суқоймасына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу осы жылға жоспарланыпты. Қазіргі уақытта жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары аяқталып, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті шығындар есептеліп жатса керек.
«Қазсушардың» қадамы қарымды
Облыста су жүйелеріне жауапты екі мекеме болса, соның бірі – «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы.
Жалпы бұл филиалда 575 қызметкер бар болса, оның ішінде әкімшілік басқару қызметкерлері – 36, өндірістік персонал – 539 адам. Айта кету керек, газетімізде бұған дейін де мәселе етіп көтергеніміздей, бүгінде су саласында еңбек етіп жүрген мамандардың айлықақысы мардымсыз болғандықтан мұндай мекемелерде кадр ұстап тұру қиынға соғып жатыр. Алайда аталған филиалдың директоры Қайрат Аманов осы қызметке тағайындала сала келісімшартпен жұмыс істеп жүрген мамандардың қызметін заңдастыру, су мамандарының жалақысын көтеру секілді түйткілдерді шешуге кіріскен болатын. Нәтижесінде осы жылы бос тұрған 119 жұмыс орнын маманмен қамтамасыз ету ісі толығымен шешімін тауыпты. Оның ішінде 4 штаттық бірлік бойынша әкімшілік қызметкерлер жұмысқа жаңадан алынса, 115 жұмыс орны өндірістік бөлімшелерге қатысты.
2024 жылы 7 гидротехникалық құрылысжайға 101-кіші бағдарлама аясында 203,3 миллион теңгеге көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Осы жылы бағдарлама аясында 9 гидротехникалық құрылысжайға 136,5 миллион теңге қарастырылып, зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша жауапты мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу порталына конкурсқа өтінім берілген екен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы қаулысына өткен жылы «Жартас» суқоймасы мен «Шалсу» су торабы енгізіліп, нәтижесінде республикалық бюджеттен 8 қосымша штат бірлігі құрылыпты. Биылғы жөндеу жұмыстарына 21,6 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Алдағы уақытта «Бүркітті» суқоймасы мен «Шөңгер» су торабын қаулыға енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Былтыр 9 гидротехникалық құрылысжайға 101-кіші бағдарлама аясында 203,3 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Осы жылы 11 гидротехникалық құрылысжайға бағдарлама аясында 221,6 миллион теңге қаржы қарастырылып, қажетті материалдарды алу жұмыстары басталмақ. Мемлекетаралық сушаруашылығы нысандарына осы жылы республикалық бюджет есебінен 178 миллион теңге қарастырылып, ол қаржы толығымен игеріліпті. 2025 жылға ағымдағы жөндеу жұмыстарына 356 миллион теңге қаралып, Қырғыз Республикасы тарапынан атқарылатын жұмыстарға ақау актілері дайындалуда.
2024-2028 жылдарға Шу ауданында «Арналармен су беру» инвестициялық бағдарламасы бойынша жалпы құны 2,1 миллиард теңгеге инвестициялық жоба жасалыпты. Бағдарлама аясында аудандардағы 18 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Нәтижесінде 136,3 шақырым суару жүйесі жөнделіп, 390 гидротехникалық құрылысжай қамтылады. 13 271 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсаратын болады. 2025 жылы бағдарлама аясында 1,159 миллиард теңгеге ұзындығы 66,96 шақырым болатын 7 канал жөндеуден өткізіледі екен. 2026 жылы жоба аясында 307,3 миллион теңгеге 4 техника сатып алу жоспарланған. Оның екеуі экскаватор болса, біреуі тралл, тағы бірі жүктартқыш техника.
Бірқатар суқойма жаңғыртылады
Ислам даму банкінің қаржысы есебінен бірінші траншта Сарысу ауданында 11, Талас ауданында 1, Байзақ ауданында 18, Меркіде 1, Шу ауданында 45 канал жаңғыртудан өтпек. Осы су жүйелерінің ұзындығы 417 шақырым болады. Сонымен қатар Байзақ ауданында «Ақмола» суқоймасын жаңадан салу, Қордай ауданында «Қарақоңыз» суқоймасын қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылып отыр екен.
Осы бағдарламаның ІІ кезеңінде жалпы ұзындығы 615,1 шақырым болатын 99 ағын су арналары қайта жаңғыртылып, сыйымдылығы 45,783 текше метр «Қалғұты», «Ырғайты» суқоймаларының құрылысы жаңадан жүргізіледі. Сыйымдылығы 172,37 текше метрді құрайтын «Бүркітті», «Жартас» суқоймаларын жаңғырту және «Фурманов» су торабына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аталған жобалардан айтарлықтай нәтиже күтілуде. Тарқата айтсақ, тасымалдау кезінде судың өнімсіз ысырабы 50 пайыздан 25 пайызға кемиді. Еріген және тасқын сулардың есебінен қосымша 52,2 миллион текше метр су жинау жоспарда бар. 2 елді мекеннің, яғни Маятас, Масаншы ауылдарының су басу қаупін азайту міндеті қойылған. Аталған ауылдарда барлығы 2,162 мың адам тұрса, олардың қауіпсіздігі облыс билігінің назарына алынған.
Осы жұмыстар арқылы жаңадан суармалы алқаптар 3,5 мың гектарға ұлғаятын болса, сонымен қатар пайдаланудағы 83 551 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсармақ.
Былтыр Талас өзені бойынша 380,0 миллион текше метр су көлемін алуға кесте бекітілсе, нақты 418 миллион текше метр су алыныпты. Бекітілген кестеден 38 миллион текше метр су көлемі артық алынған. Шу өзені бойынша бекітілген кестеге сәйкес 180,4 миллион текше метр су алынуы қажет болған. Ал алынған су көлемі нақты 165,4 миллион текше метрді құраған.
Биыл шаруа қожалықтарға 580 миллион текше метр су жеткізу көзделіпті. Оның ішінде 480,0 миллион текше метр жерүсті суару тәсілін пайдаланатын шаруаларға, 100,0 миллион текше метр су үнемдеу технологиясын қолданатындарға беріледі деп жоспарланып отыр.
Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін мемлекет тарапынан судың құнын арзандату бойынша 2025 жылға жерүсті суару әдісіне – 40 пайыз, су үнемдеу технологиясы бойынша 60 пайыз субсидия қарастырылған екен. Филиал мамандарының есебінше, облыстағы су пайдаланушыларға 264,6 миллион теңгеге субсидияға қажеттілік туындап отырса керек. Алда филиал үшін осы қажетті қаражатты бюджет есебінен қоюға күш салу, суару маусымында өзге де мүдделі мекемелермен, шаруалармен бірлесе жұмыс істеу міндеті тұр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ