Көпке үлгі кәсіпкер
Қазақтың қолөнері – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес құндылық. Бүгінде ұлттық өнерді жаңғыртып, оны заман талабына сай бейімдеп, табыс көзіне айналдырып отырған жастар аз емес. Солардың бірі – Жамбыл ауданының жас кәсіпкері Айгерім Танысбаева.
Ұлттық өнерге, қолөнерге сүйіспеншілік Айгерімнің бойында бала кезден қалыптасқан. Ол мектеп жасынан бастап тігіншілікке қызығушылық танытып, алғашқы бұйымдарын тіге бастаған. Алайда уақыт өте келе өзге салаларда бақ сынап көргенімен, бүйрегі тек тігіншілікке бұрып тұрған.
Кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары сұранысты қалыптастыру болса, Айгерім бұл мәселені әлеуметтік желінің көмегімен шешкен. «Instagram»-ға ұлттық нақыштағы заманауи киімдер мен аксессуарларды жариялап, көпшіліктің ұлттық бұйымдарға деген қызығушылығын оятады. Бастапқыда өзі үшін тіккен ерекше этно тақияға тапсырыстар түсе бастаған.
Қазақтың ұлттық өнері – ата-бабадан қалған баға жетпес мұра. Оны жаңғырту және заман талабына сай бейімдеу арқылы ұлттық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге болады. Заманауи трендке айналдыру – ұлттық өнердің танымалдылығын арттырып, оны жас ұрпаққа және әлемге кеңінен таныстырудың тиімді жолы.
Сымбат ҚУАНЫШ