Талабы таудай теміржолшы
Теміржол – ел экономикасының күретамыры. Бұл саладағы әрбір қызметкер, әсіресе, тепловоз және электровоз машинистері – қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі тұлғалар. Осындай білікті мамандардың бірі – тепловоз машинисі Ғани Серікбаев.
Ғани Мәлікұлы 1986 жылы 6 қарашада дүниеге келген. 2010 жылы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлік, көлік техникасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда оның теміржол саласындағы еңбек жолы 2004 жылы басталған. Алғашқы еңбек жолын «Камкор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде слесарь және аға шебер болып бастаған кейіпкеріміз теміржол саласында мол тәжірибе жинақтаған. Кейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі» Жамбыл пайдалану локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі қызметін атқарады. 2019 жылы Тараз оқу орталығында машинист курсын сәтті аяқтап, 2020 жылдың сәуір айында тепловоз машинисі лауазымына тағайындалады.
Машинистер тек пойызды жүргізіп қана қоймай, оның техникалық жағдайын жіті қадағалап, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Олар әр сапар алдында локомотивтің техникалық жай-күйін тексеріп, қозғалыс барысында белгіленген жылдамдық пен кестені сақтауға міндетті. Әрбір шешімнің жолаушылар мен жүктің қауіпсіздігіне әсер ететінін ескерсек, машинистердің рөлі ерекше маңызға ие.
Ғани бүгінде Тараз-Қаратау-Жаңатас бағытында жүк пойызын жүргізеді. Ол зауыттардан шыққан жүктерді, азық-түлікті және басқа да тауарларды тасымалдаумен айналысады.
Ғани Мәлікұлы өз қызметін мінсіз атқарып қана қоймай, депоның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Әріптестерімен тәжірибе алмасып, жастарға тәлімгерлік етеді. Теміржол саласындағы жаңа технологиялар мен қауіпсіздік стандарттарын меңгеруге ерекше көңіл бөледі. Техникалық білімін үнемі жетілдіріп, жаңа әдістерді үйрену арқылы өз біліктілігін арттыруда. Бұл тек жеке дамуға ғана емес, жалпы теміржол қозғалысының сапасын жақсартуға да ықпал етеді.
Әріптестері оның еңбекқорлығы мен кәсібилігін жоғары бағалайды. Локомотив депосының машинисі Қуаныш Омаров кейіпкеріміздің өз ісінің нағыз шебері екенін, тәжірибелі, білікті маман ғана емес, сондай-ақ әріптестеріне әрдайым көмектесуге дайын тұратын нағыз жанашыр жан екендігін айтып өтті.
Ғани Мәлікұлы сияқты өз ісіне берілген мамандар – осы саланың басты тірегі. Олардың қажырлы еңбегі ел экономикасының дамуына, теміржол саласының ілгерілеуіне зор үлес қосуда.
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
Журналист