Әлеумет

Әскери тілшілер редакция жұмысымен танысты

ҚР Ұлттық ұланының 2025 жылға арналған тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарының негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес жақында әскери бөлімде бөлімшелердің штаттан тыс әскери корреспонденттердің қатысуымен оқу-әдістемелік жиын өтті.

Басқосу барысында қатысушыларға арналған нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізіліп, онда әскери тілші қызметінің негізгі талаптары, мақаланың құрылымы, ақпарат көздерін дұрыс пайдалану, фото-видео материалдармен жұмыс істеу сынды маңызды тақырыптар қамтылды.

Жиынның маңызды бөлігінің бірі – сарбаздардың облыстық «AR-AI» газеті редакциясының тыныс-тіршілігімен танысуы болды.

Редакцияға келген қатардағы жауынгер Рауан Амангелді редакция жұмысымен танысу ұмытылмастай әсер сыйлағанын айтады.

Шынында да осындай тәжірибелік жиындар сарбаздарға жаңа қабілеттерді ашуға, шығармашылық ойлауға және әскери қызметтен бөлек, өзін басқа салада да сынауға үлкен мүмкіндік береді.

5513 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансеитовтің айтуынша, бүгінгі әскери қызметшінің міндеті тек сапта жүрумен, қару ұстаумен шектелмейді. Олар көп қырлы, жан-жақты дамыған азамат болуы керек. Ал әскери баспасөз сол азаматтардың шынайы келбетін, ерлікке толы күнделікті еңбегін көрсету құралы.

Осындай бастамалар арқылы жас сарбаздардың арасынан болашақ әскери журналистер шығатынына сенім мол. Ең бастысы сарбаздар бұл жиыннан білім ғана емес, шығармашылық шабыт алып қайтты.

Жиын соңында Б.Қансеитов қатысушыларға бөлім командирінің алғыс хатын табыс етті.

Салтанат ӘЗІМХАН,
лейтенант,
5513 әскери бөлімінің офицері