Жастар

Сарбаздарды темірдей тәртіпке баулыған Шадияр

Жас сарбаздарды дұрыс бағытта тәрбиелеу, әскери өмірге бейімдеу және олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру – үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс. Әрбір сарбаздың әскери қызметке бой үйретіп, өз міндеттерін дұрыс атқаруы – старшинаның біліктілігі мен адамгершілігіне тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, старшина – бөлімдегі тәртіп пен ұйымшылдықтың негізін қалайтын тұлға. Олар сарбаздардың күнделікті өмірін реттеп, қызметтік талаптарды түсіндіріп, қиындық туындағанда бірінші болып көмекке келеді.

Әскерде жас жауынгерлердің қамқоршысына айнала білген жанның бірі – 3-сыныпты сержант, 5513 әскери бөлімі, 1-жедел мақсаттағы ротаның старшинасы Шадияр Имашев.

Кейіпкеріміз Отан алдындағы борышын 2000-2002 жылдар аралығында 6654 әскери бөлімінде өтеген. Әскерден кейін туған жері Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылына қайта оралып, біраз уақыт түрлі қызметтерде бағын сынап көреді. Бірде әскерде бірге болған жақын досы Берік Нышанов жолығып, 5513 әскери бөліміне қызметкерлер қажет болып жатқанын айтады. Осылайша досының ықпалымен 2006 жылы 5513 әскери бөлімі құрамындағы атқыштар батальонына айдауылдаушы болып жұмысқа қабылданады.

Старшинаның жұмысы таңертең сарбаздарды ұйқыдан оятудан басталады. Таңертеңгі тазалық жайын бағамдап болғаннан кейін жас жауынгерлерді таңғы асқа алып барады. Мұнан кейін сарбаздардың түр-келбетін, киімдерін тексеріп, сабаққа жібереді. Жауынгерлер әскери білім алып келген соң жаңа тәуліктік жоспарды жасауға кірісіп, нұсқаулықтар жүргізеді. Сол секілді старшиналар рота кезекшілері ауысатын кезде қару сақталған бөлімге бірге кіріп, сарбаздардың кезекшілігін қабылдап-тапсыруына да қатысады.

«Əскерде болған адам циркте күлмейді» деген əзіл-шыны аралас сөз бар. Шындыққа жақын. Өйткені онда неше түрлі адам жиналады. Ал адам көп жер əзілсіз болмайтыны белгілі. Мұндай қызықты оқиғалар Шадиярдың да басынан аз өтпеген.

Шадияр Мәденәліұлының айтуынша, сарбаздардың әскерге бейімделуіне 40 күннен астам уақыт кетеді екен. Осы уақыт ішінде олар тәртіпке бой үйретіп, рұқсатпен жүріп-тұру қажеттігін түсініп, командалық ортада әрекет ете бастайды.

Алғашқы күндері сарбаздардың бәрі біразға дейін әскери қызметкерлермен «аға», кейде «братан» деп сөйлесіп жүретін көрінеді.

– Мен жұмысқа орналасқан жылдары бір капитан болды. Сарбаздар оны «капитан аға» дейтін. Керек десеңіз өзім де жауынгерлермен қосылып «капитан аға» деп атап кететінмін. Ол кісі «Сіз әскери адамсыз ғой, неге аға дейсіз?» деп күлетін. Бірақ ол кезде біз үшін әрбір офицер үлкен тұлға, үлгі болатын адам еді. Содан ба «аға» деп біразға дейін шатасып жүріп, кейін үйрендім. Қазір өзіміз де сарбаздарға үлгі-өнеге көрсететін адамға айналдық.  Негізі сарбаздар алғашқы күндері қиналғанымен, көп ұзамай-ақ жаңа ортаға бейімделіп кетеді. Әсіресе бір-біріне көмектесу, ортақ жауапкершілік сезімі ояна бастайды. Қатардағы жауынгерлер бір-біріне тірек болады. Біреу әлсіз болса, басқасы сүйеніш болады. Осылайша армия тек тәртіп емес, бірлік пен бауырмалдықтың ордасына айналады, – дейді кейіпкеріміз.

Әскери қызметкердің айтуынша, егер жігіттер әскер жайлы біліп, дайындалып келсе, күн тәртібіне үйрену қиынға соқпайды. Шадияр өзі де кезінде әскерге алдын-ала дайындалып аттанған. Отан алдындағы борышын сәл кештеу өтеген кейіпкерімізге әскерге бұрын барған сыныптасы «Армияда мұндай көп ет бермейді, қазірден тоя жеп алып, дайын жүр! – деп әзіл-қалдың аралас ақылын айтқан екен. Әр жігіт әскерге осылай моральдық тұрғыда дайындалып келсе армияға келген соң, өз бетіммен емес, бір жүйенің ішінде өмір сүретін ұғынады. Жеке бастың еркіндігі уақытша шектелетінін түсінедіү Сол шектеу арқылы адам тәртіпке, сабырлыққа, шыдамдылыққа үйренеді.

Сөз арасында кейіпкеріміз өзі Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде отбасымен екі жылда тек екі рет қана хат алғанын айтып қалды. Ал қазіргі сарбаздар аптасына бірнеше рет жақындарымен ұялы байланыс арқылы, тіпті бейнеқоңыраумен де сөйлесе алады. Старшинаның сөзіне сүйенсек, отбасымен байланыс сарбаздардың психологиялық тұрақтылығына оң әсер етеді. Үйдегілерінің дауысы, амандығы – сарбаз үшін үлкен күш, алға жетелейтін үміт.

Әскери бөлімде демалыс күндері түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Футбол, волейбол, арқан тарту, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыс өтеді. Сонымен қатар сарбаздарды тарихи орындарға апару, деректі фильмдер көрсету, әңгіме-сұхбат кештерін ұйымдастыру да жоспарға кіреді. Бұл – олардың рухани әрі патриоттық тұрғыда дамуына көмектеседі. Әскери өмір тек қатаң тәртіп емес, рухани шыңдалу, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу екендігін де түсіндіреді. Бұл жұмыстарды әдетте тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі қызметкерлер атқарады.

5513 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансеитовтің те еңбегі адал маманның қызметін жоғары бағалайды.

Он сегіз жылдан астам уақыт сарбаздарды әскери өмірге баулыған сержанттың марапаттары аз емес. Еңбегі лайықты бағаланды. Бірақ өзі үшін ең үлкен марапат – сарбаздың алғысы. Сарбаздардың есінде қалып, олардың жылдар өткен соң да танып, алғыс айтуы – бұл ең үлкен жетістік екені сөзсіз.

Кейіпкеріміз отбасында да абыройлы, Айым мен Еркеназ атты екі қызы бар.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ