Жамбыл жаңалықтары

«Tekturmas» төріңізден табылсын!

Тасын түртсең тарихы сыр шертетін Тараз төрінде республикалық тарихи-танымдық, ғылыми, әдеби-мәдени «Tekturmas» журналы оқырманға жол тартты.

Жуырда ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін өрістетіп, ұлттың рухы тұнған тағылымын ұрпақ санасына сіңіруді көздеген журнал таныстырылып, тұсауы кесілді. Бағыты айқын, бағамы биік һәм кеше мен бүгінді жалғап тұрған басылымның ұрпаққа берері мол.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен салтанатты жиынға облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Серік Жақсылықұлы «Tekturmas» журналының бабалар аманатына адалдықтың, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін парасат мінберінің бірі боларына сенім білдірді.

Ал «Aulieata-media» жауапкершілігі серіктестігінің серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы «Tekturmas» журналының бағыт-бағдары мен басты басымдықтарын атап өтті.

Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин мен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Елен Әлімжан ұтымды ұсыныстарын ортаға салып, оқырман қауымды жаңа басылымның жарық көруімен құттықтады.

Сонымен қатар іс-шара барысында «Tekturmas» журналы туралы арнайы бейнеролик көрсетілді.

Рухани басқосудың соңында жаңа журналдың тұсауын салтанатты түрде Мәлік Нұржанұлы мен Елен Әлімжан және жазушы Пернебай Дүйсенбин кесті.

Мұнан кейін алқалы жиынға арнайы келген ақсақалдар ақ батасын беріп, серіктестік ұжымына ақжарма тілектерін арнады.

Тұсаукесер рәсімінен соң Мәлік Нұржанұлы жамбылдықтарға Мемлекет басшысының арнайы сәлемін жеткізді.

Айта кетейік, «Tekturmas» журналының бас редакторы болып белгілі  журналист Маржан Рақай тағайындалған болатын. Журнал айына бір мәрте оқырманға жол тартады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ