Сиреп қалған Сиверс алмасы
Таулы шатқалдарда өсетін Сиверс алмасы – әлемдегі алуан түрлі алма сұрыптарының арғы атасы. Ғалымдар кезінде Қазақстанның брендтерінің біріне айналған, бүгінде жойылып бара жатқан Сиверс алмасының тарихы 165 миллион жылдан асатынын айтады. Жалпы жабайы алма ағашының тұқымы бүкіл әлемге жан-жануарлар мен құстар, кейінірек Ұлы Жібек жолы арқылы тараған. Алайда жыл өткен сайын әлемдегі ерекше алма сұрпының жойылып бара жатқаны табиғат жанашырларын алаңдатып отыр.
Орталық Азияның тау бөктері мен тауларында өсетін жеміс ағашының атауы Санкт-Петербург қаласынан шыққан атақты ботаник Иоганн Сиверстің құрметіне қойылған. Ал тарихы тереңде жатқан алма сұрпы алғаш рет 1792-1794 жылдары Ресейдің Алтай, Сібір өлкелері мен Орта Азияға жасалған экспедиция кезінде анықталған. Сиверс өзінің «Сібірден келген хаттар» атты жазбаларында Тарбағатай тауларында терең тамыр жайған, құрғақшылыққа және аязға төзімді алма ағаштарын тапқанын айтады. Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте Алакөлге келіп, Тарбағатай тауында өсіп тұрған керемет алмаларды көріп, «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін» деген екен.
Ал өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында әйгілі биолог, академик Николай Вавилов Іле Алатауындағы жабайы алма ормандарына зерттеу жүргізіп, Сиверс алмасы Қазақстанның аумағында пайда болған деген тұжырым жасайды. Н.Вавилов Бүкілодақтық өсімдікшаруашылығы институтының бірегей тұқым коллекциясын жасау үшін Ленинградқа Сиверс алмасының тұқымын алып келеді. Соғыс жылдарында институт қызметкерлерінің көбісі аштықтан қайтыс болады. Алайда Николай Иванович Сиверс алмасының тұқымын болашақ ұрпақ үшін аман сақтап қалған екен.
«Жабағылы-Манас» тау клубы» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Рауф Сәбитовтың айтуынша, Сиверс алмасының адам ағзасына тигізетін пайдасы зор екен.
Алпыс жылдан астам уақыт табиғат байлықтарын қорғап жүрген қорықшы Рүстем Назарбеков те Сиверс алмасын сақтап қалу үшін күресіп жүрген жанның бірі.
Сиверс алмасын зерттеуге қазақстандық академик Аймақ Жанғалиевтің де қосқан үлесі зор. Ғалым Қазақ КСР Ғылым академиясының жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы институтының алғашқы директоры болған. Оның 1977 жылғы есептеулері бойынша, Қазақстандағы Сиверс алмасы тоғайларының 75 пайызы негізінен Іле және Жоңғар Алатауында шоғырланған. Алайда бұл есепке Қырғыз Алатауы жотасы енбеген. Бірақ «Жабағылы-Манас» тау клубының экспедициялары осы жотада бірнеше рет жабайы алманы кезіктірген екен. Ғалымдардың айтуынша, Қырғыз жотасының Қазақстанға тиесілі бөлігі әлі де аз зерттелген. Аймақ Жанғалиевтің бастамасымен Сиверс алмасы Қызыл кітапқа енгізіліп, өсімдік заң жүзінде қорғауға алынған. Сондай-ақ баға жетпес генетикалық қорды тұрақты басқару үшін Сиверс алмасын сақтау жөніндегі халықаралық қор жұмыс істейді.
Рауф Қабиұлы Қырғыз Алатауы жотасының облысымызға тиесілі бөлігіне жасалған экспедициялар барысында Сиверс алмасын Сұғаты, Қара-Арша, Меркі шатқалдарында кездестіргенін айтады.
Сиверс алмасы көп өсетін өңір Жетісуда аталмыш өсімдік жоғары бағаланады. Алма ағаштары «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парк аумағындағы 3 мың 800 гектарға жуық алқапты алып жатыр. Жетісулықтар үшін әсем алма ағашының гүлдеуі – нағыз мереке. Жапониядағы сакураның гүлдеуінен кем түспейтін құбылысты қызықтап көрушілер қатары да жыл өткен сайын артып келеді екен. Сәйкесінше ұлттық паркте алманың гүлдеуін көруге келген туристерге барлық жағдай жасалған. Жабайы Сиверс алмасы теңіз деңгейінен 700-800 метр биіктіктен бастап 1 200 метр биіктікте өседі. Оның гүлдеу кезеңі табиғатқа ерекше сұлулық береді. Әулиеата өңірінде де тұмса табиғаттың байлығы осындай деңгейге көтерілсе деген ойға қалдық.
Қазіргі уақытта Сиверс алмасы жойылу қаупінде тұр. 1992 жылы алма тоғайларының аумағы шамамен 11 мың гектар болған. Содан бері өсімдік көлемі жыл өткен сайын айтарлықтай азайып келеді. Алма біткеннің атасының сиреуіне, ең алдымен, тау бөктерлеріндегі ағаштардың «жайылым үшін, жеке құрылыс немесе суқоймалар саламыз» деген желеумен заңсыз кесілуі себеп болып отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ