Әлеумет

Болмысы бөлек Бағдат

Қоғамда есімі танылып үлгермеген, алайда нағыз батырлықтың үлгісін көрсеткен азаматтар аз емес. Олар өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығы үшін жан аямай әрекет ететін бүгінгінің батырлары. Соның бірі Бағдат Тұрысбеков қыстың қаһарлы күнінде қар құрсауында қалған тоғыз адамды құтқару операциясына қатысып, өмір мен өлім арасындағы сәтте батылдық танытқан. Ол ауа райының қолайсыздығына, қатты аяз бен боранға қарамастан, адамдардың аман-есен отбасына оралуы үшін қауіппен бетпе-бет келді.

Бағдат Тұрысбеков – 1980 жылдың 3 мамырында Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. Ол бүгінде тек өз ортасына сыйлы азамат қана емес, сонымен қатар төрт бірдей перзентіне тәлім-тәрбиесін аямай, оларға адамгершілік пен адалдықтың үлгісін көрсете білген өнегелі әке атанып отыр. Өз балаларының болашағына үлкен жауапкершілікпен қарап, оларды елге пайдалы азамат етіп тәрбиелеуді басты парызы санайтын Бағдат отбасына тірек, айналасына үлгі боларлық жан.

Әрине, өрт сөндіру қызметі аса үлкен жауапкершілікті, күш-жігер мен төзімділікті талап ететін күрделі сала. Бұл қызметтің қиындығы мен ауыртпалығы көп жағдайда көзге көріне бермейді. Сондықтан бұл мамандықты таңдаған әрбір азамат кез келген жағдайға моральдық және физикалық тұрғыдан дайын болуы тиіс. Кейіпкеріміздің айтуынша, әсіресе тәуліктік кезекшілік кезінде оқыс оқиғалар жиі орын алып жатады. Ал «тәуліктік кезекшілік» ұғымы жай ғана жұмыс күні емес, 24 сағат бойы үнемі сергектік пен шұғыл әрекетке әзір болуды талап ететін ерекше режим.

Бағдат - өрт сөндіру қызметінде талмай  еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Қызметтік жолында талай сын сағаттардың, оқыс оқиғалардың куәсі болып, әрқайсысында да өз борышына адалдықпен қараған. Оның әрбір жұмыс күні қауіп пен тәуекелге толы. Сол оқиғалардың бірі 2015 жылы Жуалы ауданында орын алған ірі өрт оқиғасы. Жанармай құю бекетінде басталған өрт салдарынан от ауыр жүк көлігін шарпыған. Қауіпті жағдай тудырған бұл оқиғада оттың таралу қаупі жоғары болғандықтан, маңайдағы адамдар шұғыл эвакуацияға мұқтаж болды. Дәл осы сәтте Бағдат өз әріптестерімен бірге жедел әрекет етіп, адамдарды қауіпсіз аумаққа көшіруге атсалысты. Сонымен қатар 2024 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының  Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы тұсында жаппай жол-көлік апаты орын алған. Қатты боран мен көрінбейтін жол салдарынан 26 көлік бір мезетте соқтығысып, мәселе күрделене түседі. Бұл жағдайға жедел құтқару жасағы жұмылдырылып, Бағдат та алдыңғы шептен табылған. Оның айтуынша, кейбір жолаушылар көліктердің арасында қысылып қалып, ауыр жағдайда болған. Ал кейбірі жолаушылар автобусының ішінде қалып, сыртқа шыға алмай, терезе арқылы құтқарылған. Мұндай оқиғалар әсіресе тәуліктік кезекшілік кезінде жиі орын алып тұрады екен.

Расында өрт сөндірушілердің жұмысы қай кезде де қарбаласқа толы. Мұндай мезетте адамдарды ажалдан арашалап қалу кез-келген жанның қолынан келе бермейтін іс.

Кейіпкеріміз қызметтік жолында  бірнеше мәрте түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болған екен. Дегенмен наградалары  туралы ашып айтуды құп көрмеді. Себебі ол үшін марапаттан бұрын адам өмірін аман сақтап қалу – басты міндет. Халықтың алғысына бөленіп жүрген азаматтар көбейсе, ел көшінің түзу арнаға бұрылары анық.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ