Ауыл шаруашылығы

Жоба жемісті жалғасуда

«Ауыл аманаты» жобасының ауылдық елді мекен тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда маңызы айрықша. Осы арқылы елімізде ауылшаруашылық саласын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік берілген. Өйткені мемлекет тарапынан қолдау тапқан нақ осы жобаның арқасында ауылдық жерлерде қазір тіршілік жандана түскен.

Жоба аясында малшаруашылығы, егіншілік, қайта өңдеу салаларына ерекше көңіл бөлінгенін айта кетуіміз керек. Бұл жоба ауыл азаматтарының табысын арттырып қана қоймай, олардың «жұмыс жоқ» деп қарап отырмай іс бастауына түрткі болды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде аталған жоба өз нәтижесін беріп жатса, оның ішінде жобаға қатысып, бір малын екі еткен әулиеаталықтар да бар. Мәселен, жоба 2019 жылы әр ауданнан бір-бір ауылдық округті қамтыған.  Ал 2021 жылы Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан Үлгілі, Өрнек, Ақсай ауылдық округтерінің тұрғындары осы бастаманың игілігін көрді.  Аталған жобаға 2022 жылы – 10, 2023 жылы – 40, былтыр 38 ауылдық округ қатысқан. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасының шарапаты облыста 18 мың 800 аула мен 105 мың 895 тұрғынға тиген. Оның ішінде Қордай ауданынан Қақпатас, Қарасу, Қаракемер, Сарыбұлақ ауылдары бар. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановтың айтуынша, бүгінде жоба жемісті жалғасуда.

Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға үлкен мүмкіндік бергені анық. Әсіресе ауылшаруашылығына қатысты кәсіп түрлерін қаржыландыру жұмыстары жандануда. Кәсібін дамытуды көздеген тұрғындар үшін тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік сыйлаған бұл бағдарлама ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін бергені даусыз. Осы ретте жарқын жобаның игілігін сезінген Кенен ауылының тұрғыны  Алмат Мақаштың кәсібі жайында кеңінен сөз қозғауға болады. 2022 жылы Алмат Қырғызбекұлы аталмыш жобаның белсенді қатысушыларының бірі ретінде ерекшеленді. Бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 7,5 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, 85  қой, 4 жылқы сатып алды. «Туған ауылымда жеке ісім болса» деп алдына үлкен мақсат қойған Алмат Мақаш осылайша қарапайым ауыл азаматынан жеке кәсіпкерге айналды.

Ал 2023 жылы Қордайдың Қарасу ауылдық округінде жобаның екінші бағытымен 69 тұрғын 450 миллион теңге көлеміндегі несиені  1300 сиыр, 1200 уақ мал, 125 қылқұйрықты сатып алуға жұмсапты. Төртінші бағыт бойынша «Береке Өтеген» өндірістік кооперативі 38,5 миллион теңгеге 5 бірлік техника алса, бесінші бағытқа сәйкес 3,8 миллион теңгеге гидропоника (жылыжай өндірісі) кәсібіне кіріскен.

Қаракемер ауылдық округінде жобаның екінші бағыты аясында 144 тұрғын 912 миллион теңгеге 1460 мүйізді ірі қара, 1185 қой және 33 жылқы сатып алған. Төртінші бағыт нәтижесінде «Қаракемер Агро – 2023» өндірістік кооперативі берілген 38 миллион теңгенің арқасында 2 техникаға қол жеткізіпті.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылында несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың ішінде Медет Әлмежанов, Азамат Сатыбалды, Төлеген Абилдинов секілді азаматтар бар.

Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Медет Сырлыбекұлы- туған жерінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан азамат. 1991 жылы дүниеге келген ол жоғары білімді, еңбекқор азаматтардың қатарында. 2021 жылы отбасын құрған, бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр.

Аталған жас кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Алижан» жеке кәсіпкерлігін ашып, 6 миллион 400 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. Алған қаржысына 24 бас бұқа сатып алып, бордақылау ісін жолға қойған. Бүгінде бордақылаған малын сатып, орнына басқасын әкеліп, күтіп-бапталып, салмақ қосып келеді.

Бордақыланған мал қабылдауда аудан көлемінде жұмыс істейтін екі мал сою алаңы, яғни «Көмек» және «Алға» шаруа қожалығы бар. Сонымен қатар күніне 50 бас мал қабылдайтын екі мал сою пункті – «Бастау-Снаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Бақаев» жеке кәсіпкерлігі жұмыс істейді. Аудан тұрғындарының малын қабылдап, осы бағытта тұрақты қызмет көрсететін «Первомайские деликатесы» ЖШС жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорын 1000 басқа дейін мал қабылдап, ет өнімін өндіреді. Медет Сырлыбекұлы осындай қолайлы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, малын сол жерге өткізіп, тиісті ақшасын дер кезінде санап алады. Жас кәсіпкер бордақылап сатылған малдың орнына аудан орталығындағы мал базары мен шаруа қожалықтарынан тағы да мал сатып алып, қайтадан бордақылау жұмысын жалғастыруда. Несие мерзімі 2029 жылы аяқталмақ. Бұдан бөлек, ол қосымша егіншілікпен де айналысады. Диханшылықтан түскен табыс пен мал шаруашылығынан түсетін пайда отбасының күнкөрісіне толық жетуде. Бүгінде өзінің шағын кәсібінен мол тәжірибе жинаған жас кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылық аясын кеңейтіп, ауылдастарына жаңа жұмыс орындарын ұсынуды жоспарлап отыр.

Ауылдағы жас жігіттің бірі – Рахат Марикбаев. Ол құмблогын шығарумен айналысуда.

Сарыбұлақтық жас кәсіпкерлер- ауылдастарына еткен еңбектің нәтижесі қандай болатынын үлгі ретінде көрсетіп жүрген өрендер. Ауыл әкімі Медет пен Рахат секілді іскер жігіттердің талабына қарап, ауылдың ертеңіне сеніммен қарауы орынды-ақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ