Брифинг

Деректерді өңдеу орталығы ашылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма мүшесі, ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Спикердің айтуынша бүгінгі таңда оқу орнындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары 1 ғылыми-зерттеу институтында, 8 ғылыми және ғылыми-зерттеу орталығында, 7 ғылыми-зерттеу зертханасында және университет кафедраларында жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу жұмыстары табиғи, техникалық, ауылшаруашылығы, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы бағыттар бойынша жүргізілуде.

Ал 2025 жылы 4 оқытушы қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болған.

Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастыратын «Үздік университет оқытушысы» конкурсында соңғы 4 жылда 6 оқытушы жеңімпаз атаныпты. 10 оқытушы «Болашақ 500 ғалым» грантының иегері болған.

Келесі кезекте оқу орнының жетістіктерін баяндаған Сейтжан Орынбаев ақпан айында университетте деректерді өңдеу орталығы ашылғанын жеткізді. Орталық студенттер, магистранттар мен докторанттардың ІТ саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін арттырады.

Сымбат ҚУАНЫШ