Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау мерзімі белгілі болды
2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 12 сәуірде басталады,деп хабарлайды arainfo.kz
2025 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтініштерді қабылдау биыл 12–25 сәуір аралығында жүргізіледі. Бұл мерзімнің алғашқы кезеңінде, яғни 12–18 сәуір аралығында талапкерлер тек бір рет тест тапсыруға өтініш бере алады. Ал 19–25 сәуір күндері бір немесе екі рет тапсыруға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.
Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Биылғы талаптарға сәйкес, талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.
ҰБТ-ға тіркелу жолдары жеңілдетілді
Тіркелу процесі бұрынғыдай Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында (app.testcenter.kz) немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Талапкерлер тест тапсыру күнін, уақытын және орнын өз қалауы бойынша таңдай алады. Бұл ретте екі мүмкіндікке де бір ғана бейіндік пәндер комбинациясы бекітіледі.
Тестілеу форматы мен бағалау жүйесі өзгеріссіз
ҰБТ форматы өткен жылдардағыдай сақталып отыр. Барлығы 120 тапсырма беріліп, максималды балл — 140. Тестілеу уақыты — 240 минут (4 сағат). Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.
Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің дайындығын арттыру мақсатында әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізді. Бұл мүмкіндік қаңтар және наурыз айларында өткізілген ҰБТ-лардан кейін өз білімін талдауға көмектеседі. Сонымен қатар онлайн байқау сынақтары да іске қосылған.
Оқу жылының басында тест тапсырмаларына негізделген оқулықтар тізімі, тест жоспары, «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихынан» 100 тарихи дата, «Информатикадан» терминдер тізімі және әдеби шығармалар тізімі жарияланған.
Шекті балл талаптары да бұрынғысынша сақталған
Құқық және педагогикалық бағыттар — кемінде 75 балл
Медицина бағыты — кемінде 70 балл
Ұлттық жоғары оқу орындарына — кемінде 65 балл
Басқа ЖОО-ларға — кемінде 50 балл
Қауіпсіздік күшейтілген, академиялық адалдық басты назарда
Тестілеу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кіреберісте қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады. Сонымен қатар мобильді және радио сигналдарды басатын арнайы құрылғылар пайдаланылады, тестілеу аудиторияларында бейнебақылау орнатылады.
Әр талапкерге жеке тест нұсқасы беріледі. Бағдарламада калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі де қамтылған. Қажет болған жағдайда олардың қағаз нұсқалары ұсынылады.
Апелляция мен бейнежазбаларды талдау тәртібі
Тест тапсырғаннан кейін талапкер 30 минут ішінде апелляция бере алады. Апелляция нәтижесі шыққаннан кейін, тест сертификаты жеке кабинетте қолжетімді болады.
ҰБТ аяқталғаннан кейінгі 31 қазанға дейін бейнежазбалар талданады. Егер тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды пайдалану немесе өзге де ереже бұзушылықтар анықталса, талапкердің нәтижелері жойылады.