«Аңсаған сәби» бағдарламасына арналған квота саны артты
«2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылған болатын.Бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) бөлінетін квота саны 7 есеге көбейді. Осы мүмкіндіктің арқасында мыңдаған отбасы перзент сүйіп, сәбилердің сыңғыр күлкісі қаншама шаңыраққа қуаныш сыйлады. Бағдарлама жүзеге асырылғалы елімізде 9 000 сәби дүниеге келге
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бағдарлама аясында 28 мыңнан аса әйел медициналық көмек алыпты. 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген
Репродуктолог мамандардың айтуынша, елімізде бедеулік мәселесі күрделі болып тұр. Қазіргі таңда 28 мыңға жуық әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Мамандардың пікірінше, бедеуліктің жиі кездесетін себептерінің бірі – жатыр түтікшелері қызметінің бұзылуы, эндометриоз ауруы және эндокриндік жүйенің ақаулары. Сонымен қатар, экологиялық факторлар мен өмір салтының өзгеруі де бедеулікке алып келуде. Қазақстанда қазіргі таңда жасанды ұрықтандырумен айналысатын 31 орталық болса, оның 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне кіреді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасына бедеулік диагнозы қойылған кез келген әйел немесе ерлі-зайыпты жұптар қатыса алады. Ол үшін әйелдің жасы 18 бен 49 жас аралығында болуы керек. Соматикалық және эндокриндік көрсеткіштері қалыпты болуы шарт. Сонымен қатар, репродуктивті денсаулығының жағдайы, яғни фолликулярлық резервтің жеткілікті болуы маңызды рөл атқарады. Бағдарламаға қатысушылар алдымен тіркелген емханасына барып, бедеулік бойынша диспансерлік есепке алынады. Содан кейін 12 ай бойы тексеруден өтіп, қажетті құжаттары жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жіберіледі. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда пациент «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеліп, процедураға дайындық басталады.
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылының тумасы Перизат Әбимолдаева – «Аңсаған сәби» бағдарламасының шарапатын көрген аналардың бірі. Перизат отбасылық өмірде қиындықтарға тап болып, ажырасқан. Алайда, уақыт өте келе жалғыздықтың қиындығын сезініп, ана атануды армандайды.
Ал Шу ауданы, Белбасар ауылының тұрғыны Аида Есенқұлова 12 жыл бойы сәби сүйе алмаған.
Тағы бір кейіпкеріміз Айжан Бекқұлова «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы балалы болуға екі рет талпынғанымен алғашқы екі ЭКҰ сәтсіз аяқталыпты. Алайда Айжан үмітін үзбей, үшінші рет бағын сынап көрген.
Жамбыл облысы бойынша 2024 жылы бағдарламаға қатысқан әйелдердің 36,6 пайызы ғана жүкті болыпты. Оның ішінде 25-і аман-есен босанса, 38 әйел түсік тастаған. Қазіргі таңда 82 әйел жүктілік бойынша есепте тұр. Ал бағдарламаға қатысып, жүкті бола алмағандар саны – 189. Репродуктолог мамандар бұл көрсеткішті қалыпты санайды, себебі ЭКҰ-ның оң нәтиже беру ықтималдылығы орта есеппен 36 пайызды құрайды.
Жалпы «Аңсаған сәби» бағдарламасы – бала сүю бақытын аңсаған жандар үшін үлкен мүмкіндік. Бағдарлама аясында көптеген отбасының арманы орындалуда. Бүгінде елімізде жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген нәрестелер саны 30 мыңнан асып, әр шаңыраққа шаттық сыйлауда.
Айжан ӨЗБЕКОВА