«Ромео мен Джульетта» көрерменін жалықтырмады
Қоғам – қара-сұр түсті масса. Оның ішіне бәрі жұтылады. Тек өлмейтіні – іңкәр сезім. Өйткені ол үнемі жаңа адамдардың кейіпінде қайта жаңғырып отырады. Мұнда алалау, тәкаппарлану, бір-бірімен жарысу жоқ. Алайда дәл солай кіршіксіз өмір сүру қиынның қиыны. Сондықтан кедергі көп. Жастық шақ тап-таза болғандықтан кез келген сезім ылаңына қарсы.
Жуырда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында сахналанған «Ромео мен Джульетта» қойылымына бардым.
Қойылымның негізгі арқауы – жемқорлықтың құрбаны болған қоғам санасы. Махаббат жолында екі жас өлді дейміз. Дегенмен өлген екі ғашық емес, іңкәрлік.
Екі әулеттің бір-бірімен қастығы. Қастықтан туған қысастық.
Шын мәнінде қойылым басында-ақ айтылғандай, «екі әулет бір-бірімен не үшін өштесіп жүргендерін де білмейді. Тек ит пен мысықтай бір жолда қатар келіп қалса, жүндері үрпейіп, ызаланып, ашу шақырып, шулайды да жатады». Сол алауыздық екі жақтың қаншама жасын құрбан етті. Мәселен Меркуцио мен Тибальт. Жалпы қойылым кезінде оларға онша назар аударылмағанымен, эмоцияға берілгіш, егжей-тегжейіне жетпей, бірін-бірі жек көріп өскен жастар. Олар да қоғамдық қалыптың жемісі, әрі құрбаны. Сол үшін де мерт болды. Қоғам салған қамыттан өзгені қабылдай алмады емес пе?! Бүгін де ондай адамдар ортада аз емес. Өмір бойы сол қалыппен ғана жүріп, өзгешелікті көргенде оған бірден мін тағып, айыптай жөнеледі. Шын мәнінде ол өзгешеліктің де бұл ғаламда болуға хақы барын ұқпайды. Содан өзімен-өзі алысып, өзінен бөлектеу болғаны үшін де жек көре бастайды.
Ал Джульеттаның шешесі ше?! Дүниеқоңыздықтың айқын көрінісі. Туған қызы үшін шешім қабылдап, дүниенің құрбаны болған бейшара.
Сахна басталған тұста екі әулет араздығы шайқаспен басталғаны көрінеді. Князьдің «кім кінәлі», «кім бастады» дегеніне анық жауап жоқ. Тек әркім өзін жақтаумен әлек. Ең қызығы, не болса да мені жақта деген Монтеки әулетінің отағасы князьді ақшамен арбайды. Аузын ашса, ақша шашады. Бұл ғаламда бәрін де сатып аламын деген көзқарас. Дүниеге құл болу және өзгелерді де сондай деп қабылдау. Қоғамда «кім не дейдінің» керімен өмір сүріп, «бірнәрсе дейтіндердің» қатарында болсам деген амбициямен өмір сүру – тәуелділік. Ал ондағы бір-біріне ғашық болған қарсы топтың қос перзенті – еркіндікке ұмтылған жастар, жұрттың пікіріне жалтақтап өмір сүргісі келмеген жаңа қоғам адамдары еді. Оны да қоғам қамыты тұншықтырып өлтіргендей көрінді.
Әрине бұл қойылым 500 жылда қаншама рет сахналанса да, өзекті мәселе – пікір қайшылығы, махаббат, қоғам алауыздығы сынды дүниелер мәңгілік тақырып болып қала беретіні анық.
Облыстық театрда сахналанған «Ромео мен Джульетта» 500 жыл бұрынғы Шекспирдің шығармасы емес. Соны да ұққан жөн. Жаңару тек табиғатта ғана емес, әдеби-көркем шығармада да болады. Ол жақсы режиссердің тапқырлығымен, актердің шеберлігімен қолға алынады.
Театр, кино туындысы – әдеби шығарманы дәлме-дәл көшіріп беру емес. Ол берілген оқиға желісі негізінде көрерменге дұрыс әсер сыйлау өнері. Одан 100 пайыздық сәйкестік іздеу де қателік.
Театр өз көрерменін жалықтырмай ұстай алғанда ғана өміршең. Ал Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрынан көрген «Ромео мен Джульетта» мені бір сәт те жалықтырмады.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
театр көрермені