Кім көрінген уағыз айтпауы тиіс
Бүгінде дінге бет бұрғандар саны артты. Бұл – қоғамдағы рухани серпілістің көрінісі. Алайда, осы бағытта алаңдатарлық жайттар да бар. Соның бірі – әлеуметтік желіде діни тақырыпта пікір айтып, уағыз жүргізетіндердің күрт көбеюі. Тіпті ауызашарда, садақа мен Құран оқыту рәсімінде «ұстаз», «пір» атанып, халыққа ақыл айтатындардың қатарында спортшы да, есепші де, үй шаруасындағы әйел де жүр. Мұндай жағдайлар діннің мәнін бұрмалап, адасушылыққа жол ашуы мүмкін. Себебі сөз – жауапкершілігі ауыр дүние. Ал діни пәтуа – Алланың атынан сөйлеумен тең.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) уағыз айтуға қатысты ұстанымын нақты білдіріп отыр. ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, дін туралы айту үшін міндетті түрде арнайы діни білім алу қажет.
Діни басқарма әлеуметтік желі арқылы Құран оқып, салауат үйрететін, пәтуа беретін жекелеген тұлғалардың әрекетін құптамайды. Мұндай адамдардың діни білімі жоқ болғандықтан, олардың тарапынан айтылған кез келген уағыздың салдары ауыр болуы мүмкін.
Облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрлан Мұратұлының сөзіне сүйенсек, уағыз айту – арнайы талаптар мен тәртіпке бағынатын іс.
Бұл – дін насихатын кәсіби деңгейде жүргізу үшін қолға алынған маңызды бастама.
2024 жылғы 28 ақпанда Астанада өткен І республикалық уағызшылар форумында қабылданған «Уағыз – насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасында уағыз айтудың нақты ережелері белгіленді. Әлеуметтік желіде діни тақырыпта сөз қозғайтындар киім үлгісіне мән беруге, тақырыпқа жан-жақты дайындалуға, күрделі сұрақтарға жауап бермеуге, өз пікіріне сүйеніп пәтуа шығармауға, пікірталас пен ұрыс-керіске бармауға тиіс. Сондай-ақ уағыз айтушылар міндетті түрде ҚМДБ бекіткен пәтуаларға жүгінуі керек. Бұл – халықты діннен суытпай, дінге деген сенім мен құрметті сақтау үшін қажет талаптар.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кейінгі заманда діни сауаты жоқ адамдардың пәтуа айтып, халықты адастыратынын алдын ала ескерткен. «Сондай заман келеді, білім алынады. Халықтың арасында сондай бір білімсіздер пайда болады. Олар өз ойларынан пәтуа айтып, үкім шығарады. Сөйтіп өздері де адасады, өзгелерді де адастырады», деген хадисі бар.
Бұл – бүгінгі қоғамда көрініс тауып отырған жағдай. Желіде діни сауаты жоқ адамдардың қате сөзі ел ішіне алауыздық тудыруда. Бірі «оразаны ақшаға сатып алуға болады» десе, енді бірі имамдардың бұрынғы уағыздарын қиып алып, басқа тақырыпқа теліп, жеккөрінішті етіп көрсетеді.
«Шымқы сойса да қасапшы сойсын». Қазақтың осы нақылы дінге де дәл келеді. Уағыз айту – білікті, тәжірибелі, шешен, әдебі жоғары адамға ғана тиесілі. Мешіттерде де бұл талаптар сақталады. Облыстық мешіттің жанында арнайы «Уағыз-насихат» бөлімі жұмыс істейді. Онда дін қызметкерлері имамдардың сөзі, жүріс-тұрысы, киімі, сөйлеу әдебі туралы нұсқаулықтармен танысып отырады.
Айта кетейік, ҚМДБ жыл сайын «Жылдың үздік уағызшысы», «Жылдың үздік имамы» сынды байқаулар ұйымдастырып, діни кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп келеді. Екі жыл бұрын облыстық мешіттің наиб имамы Нұралы Бақытұлы «Жылдың үздік уағызшысы» атанған болатын.
Жалпы, уағыз айту – тек діни мәселе емес, ол – ұлттық тәрбиеге де әсер ететін ықпалды құрал. Сондықтан діни уағыз айтып, пәтуа беруге талап жоқ жерде, тәртіптің де, тұрақтылықтың да болмайтыны белгілі. Осыны ескеріп, діни басқарма бекіткен жолмен, білікті мамандардың бағыт-бағдарымен жүру – әрбір мұсылманның парызы. Бүгінгі қоғамда діннен шошытпай, дінге тартатын, адастырмай, дұрыс жол көрсететін насихат қажет. Ал мұндай уағыз тек маманнан ғана шықса игі.
Айжан ӨЗБЕКОВА