Картоп көп, ет жоқ
Қарапайым халықтың айлығы шайлығына жетпей, табысын инфляция атты аждаһа жұтып жатқан бүгінгі заманда базардағы бағаның байлауға көнбей, күн өткен сайын құбылуы ешкімге оңай соқпай тұр. Нарықтағы қымбатшылық, әсіресе қарапайым жұрттың қалтасына салмақ салуда.
Күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түлік тауарларының бағасын реттеудің бүгінде біз білетін азды-көпті амалы бар. Соның бірі – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өіңірлік тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкендерде жұртшылыққа төмен бағада азық-түлік ұсыну. Одан бөлек, жергілікті жерлерде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өнімін жәрмеңке арқылы төмен бағада саудаға шығарудың тиімділігі мол. Егер осындай жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылса, тұрғындар қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілетіні анық.
Тараз қаласында да бірнеше жылдан бері ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі апта сайын үздіксіз өткізіліп келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ұсынылатын мұндай шаралар халық арасында үлкен сұранысқа ие. Мәселен, өткен сенбі күні Жамбыл даңғылының бойындағы әлеуметтік базарда ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, халыққа қаладағы қайта өңдеумен айналысатын бірқатар кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің өнімі қолжетімді бағада ұсынылды.
Шаһардағы әлеуметтік базар алаңында өткен жәрмеңкеге Тараз қаласының 20 тауар өндірушісі және тұрақтандыру қоры өз өнімдерін ұсынды. Аталған сауда орнына күндізгі сағат 10.00 болмай жеткенімізде, мұндағы тұтынушылардың қарасы қалың болды. Әсіресе, бағасы 270 теңгелік картоптың қасында ұзын-сонар кезек пайда болып, жұртшылық қалағанынша қаппен де, келілеп те алып жатты.
Онда жалпы құны 14,7 миллион теңгені құрайтын 21,75 тонна ауылшаруашылық өнімі халыққа ұсынылды. Оның ішінде 500 келі тауық еті, 2 тонна шұжық өнімдері, 2 тонна 500 келі сүт өнімдері және 1 мың дана жұмыртқа сатылымға шығарылды. Бұдан бөлек, 500 келі кондитерлік өнім мен 600 келі макарон өнімі, 50 келі тұз және 100 келі балық, 3 тонна ұн, 500 келі бал саудаланды. Сондай-ақ 12 тоннаға жуық әртүрлі жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері де тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылды. Мысалы, құс фабрикасы өндірген тауық етінің бір келісі «Ауыл Береке» секілді ірі базарларда 1150 теңге тұрса, жәрмеңкеде бұл бойынша баға 1000 теңге болып белгіленіпті. Үй құсының еті де нарықтан 12 пайызға төмен, яғни 2200 теңгеден сатылды. Тауық жұмыртқасының С1 санаты жәрмеңкеде 480 теңгеден ұсынылса, бұл нарықтағы бағадан 13 пайызға арзан. Ысталған шұжық 2200 теңгеден өткізіліп, нарықтағы бұқтырылған 2100 теңгенің шұжығы 1800 теңгеден сатылып жатты. Ал орташа тұқы балығы нарықтан 200 теңгеге арзан, яғни 1400 теңгеден саудаланды.
Жәрмеңкеде өнімдердің сапасына да жіті мән берілген. Әр тауар арнайы тексеруден өткізіліп, санитарлық талаптарға сай ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкедегі бағалар нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен деңгейде белгіленіп, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлікке қолжеткізу мүмкіндігі жасалған.
Жұрт жапатармағай картоп алып жатқанда бір шетте әлденеге алаңдап тұрғандай кейіпте болған жасы алпыстың үстіндегі әйелмен тілдестік. Өзін Күләш Омарова деп таныстырған ол зейнет жасында. Жәрмеңкеге мал етін сатып алуға арнайы келіпті. Алайда мал етінің болмай қалғанына көңілі түсіп, бізге бар өкпесін жайып салды.
Біз Жанболат Диханбекұлынан осы жәрмеңкеге малдың еті неге әкелінбегенін сұрадық. Ол: «Қалада бұған дейінгі жәрмеңкелер он ауданның қатысуымен өтіп келген. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқарманың шешімімен осы аптадан бастап әр аудан өз жәрмеңкесін өз аумағында өткізуі керек деген тапсырма түсіпті. Сондықтан біз жәрмеңкеге тек қаланың ауылшаруашылық тауары өндірушілерін шақырдық. Олар негізінен қайта өңдеумен айналысады. Ет болмаса да шұжық секілді ет өнімдері бар.
Мысалы, осындай жәрмеңке әз Наурыз мерекесі қарсаңында, яғни 15 наурыз күні ұйымдастырылып, оған Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарының ауылшаруашылық тауарын өндірушілері қатысты. Сол кезде де 47,9 миллион теңгеге 60,1 тонна ауылшаруашылық тауарлары нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен ұсынылды. Оның ішінде 12,6 тоннасы жылқы, сиыр, қой және тауық еті болатын. Одан бөлек, 3 тонна шұжық өнімдері саудаға шығарылды», – деді.
Әулиеата ауданы әкімі аппаратының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімшесінде бас маман болып жұмыс істейтін Аида Әбдікерімова жәрмеңкеге банкаға жабылған 100 литр қияр, қызанақ, алма шырынын әкелінгенін, оның жартысы түс болмай сатылып кеткенін айтады.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әкімшісі Анар Тұрлыбаеваның айтуынша, жәрмеңкеге тұрақтандыру қоры есебінен күнделікті тұтынуды қажет ететін 19 түрлі тауардың барлық түрі жеткізіліпті. Мысалы, 200 литр өсімдік майы, 1500 данаға жуық жұмыртқа, әр қайсысы 50 келіден біріші сортты әлеуметтік ұн, сапалы сортты ұн, күріш, қарақұмық, 60 келі макорон өнімі, әрқайсысы он келіден маш бұршағы, ас бұршақ, қызыл бұршақ, арпа жармасы, ұнтақталған бидай жармасы секілді өнімдер әкелініпті.
Егер бұдан былай Тараз қаласында өтетін жәрмеңкеге аудандар қатыспайтын болса, мал еті саудаланбауы мүмкін. Бірақ облыс орталығында мал бордақылаумен айналысып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Осындай іскер азаматтарға жеңілдіктер қарастыру арқылы алдағы жәрмеңкеге мал етін шығарудың амалын қарастыру қажет секілді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ