Қоғам

Сауда саласында заң қатаңдатылды

Жаһандық сын қатерлерге қарамастан өткен жыл еліміздің сауда саласының барлық бағыттары үшін оң серпінмен аяқталыпты. Мысалы, сауданың өсуі 9,1 пайызды құраған. Сауда саласына 884,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға өскен. Ішкі тауар айналымында да тұрақты оң динамика қалыптасқан. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 14,1 пайызға өсіп, 69,6 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде көтерме сауда 47,2 триллион теңге болса, ал 22,4 триллион теңге бөлшек сауданың үлесі екен.

Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 миллиард АҚШ долларын құраса, 2023 жылға қарағанда нәтиже 1,6 миллиард АҚШ долларына ұлғайғанын көрсетіпті. Бұл ретте сауда балансы 3,1 миллиард АҚШ долларына артып және 21,8 миллиард АҚШ долларына тең болған. Тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспорт көлемі өткен жылы 10,7 пайызға өссе, сомасы 40,2 миллиард АҚШ долларын көрсеткен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 1,4 пайызды ғана құраған. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіш көрінеді.

Аталған министрлік жұмысының тағы бір маңызды бағыты – тауарлардың экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бағыт өнімдердің бағасы мен сапасы бойынша қолжетімділігін ғана емес, сонымен қатар отандық өнімдер арқылы сауданы ынталандыруды да қамтиды екен.

Айта кету керек, 2024 жылы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасы негізінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілген болатын. Нәтижесінде 204-4-бапқа түзетулер енгізіліп, жаңа талаптар 2025 жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енді. Осы орайда енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15 пайыздан асырып жіберген кәсіпкерлерге ескерту берілмей, бірден айыппұл салынады екен. Бұрын алғаш рет құқық бұзғандар жазадан құтылып кетсе, енді жауапкершілік бірден қарастырылады. Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілері үшін айыппұл көлемі 5 АЕК (19 660 теңге), орта бизнес үшін – 35 АЕК (137 620 теңге), ірі сауда орындары үшін – 150 АЕК (589 800 теңге) болып белгіленіпті. Егер жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл екі есеге ұлғаяды. Бұл жаңашылдықтың мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру және тауар бағасын орынсыз қымбаттатуға жол бермеу. Сауда орындарына бақылау күшейтіліп, 15 пайыздық шекті сақтауға қатаң талап қойылмақ.

2023 жылдың сәуірінен бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу мәселесіндегі бақылау функциясы жергілікті әкімдіктерден Сауда және интеграция министрлігіне берілгені есте. Нәтижесінде алыпсатарлықты тежеу бағытында жүйелі жұмыс басталып, алғашқы нәтижелер де байқалған. 2023 жылы – 848 әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде 51 айыппұл салынып, 797 ескерту жасалған. 2024 жылы бақылау тетіктері толық іске қосылғаннан кейін көрсеткіш бес есеге өскен. Анығын айтқанда, 4384 іс тіркеліп, 284 айыппұл салынған. Ал 2025 жылдың 20 наурызына дейін 1189 іс қаралып, 70 жағдайда айыппұл қолданылған. Бұл деректер мемлекеттік бақылау тиімділігінің айғағы болса керек.

Осы орайда біз облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департементінің бас маманы Асқар Бейсебаевпен тілдестік. Оның айтуынша, былтыр барлығы 132 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде базардағы бір саудагер ескерту алған. 92 сауда үстемесі бойынша 72 ескерту берілген. Салынған 7 айыппұлдың көлемі 627640 теңгені құраған. 28 профилактикалық бақылау жүргізілген және 18 бұзушылыққа жол берілген. 7 баға жапсырмасы бойынша заңның 193-4 бабымен 110760 теңге көлемінде 6 айыппұл салынған. Заңның 193-5 бабы негізінде 4 баға жапсырмасы бойынша 2215200 теңгені құрайтын 4 айыппұл салынған.

Осы жылы 52 тексеріс жүргізіліпті. 41 сауда үстемесі бойынша заңның 204-4 бабымен кінәлілерге 32 ескерту беріліп, бір сауда иесі 19660 теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Профилактикалық бақылау саны – 10, ал бұзушылық саны – 8.

1 баға жапсырмасы бойынша дүкен иесі 127790 теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ