Меркілік өрендер автономды техника құрастырды
Ауылшаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Алайда соңғы жылдары бұл салада жұмыс күшінің тапшылығы байқалуда. Осындай түйткілді шешу мақсатында Меркі ауданындағы №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектептің оқушылары Ғабдолла Ақсұлтан мен Байкөбек Нұрлыбек тың жоба әзірледі.
Олар жетекшілері Гүлназ Нұрланқызының көмегімен ауылшаруашылығына арналған «РОБОТРАКТОР – 3/1» атты автономды техниканы құрастырып шықты.
Жоба авторларының айтуынша, роботтандырылған тракторды жасау идеясы ауыл жастарының бұл салаға қызығушылығының төмендігінен туған.
«РОБОТРАКТОР – 3/1» деп аталуына да себеп бар. Себебі бұл құрылғы үш негізгі жұмысты қатар атқара алады: жер жырту, дән себу және дәннің бетін жабу. Арнайы сенсорлы датчиктермен жабдықталған техника егіс жұмыстарын жоғары дәлдікпен орындайды және ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жанармай шығынын болдырмас үшін робот электр қуатымен де жұмыс істей алады.
Жетекшілері Гүлназ Нұрланқызы оқушыларының жобасына үлкен сеніммен қарап, олардың еңбегін жоғары бағалайды.
Жас өнертапқыш Байкөбек Нұрлыбектің айтуынша, олар жобаны мектеп қабырғасында ғана қалдырмай, болашақта өндірістік деңгейге дейін жеткізуді көздеп отыр.
«РОБОТРАКТОР – 3/1» – ауыл жастарының ғылым мен техниканы игеруге деген ынтасының, жаңашыл ойлаудың айқын дәлелі. Бұл жобаның болашағы – автоматтандырылған ауылшаруашылығының алғашқы қадамы болуы бек мүмкін.
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист