Қадағалау күшеймей, құрылыста сапа болмайды
Жуырда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Ең алдымен шаһар басшысы Саңырақ батыр көшесі, №55 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйді көрді.
Аталған үй ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №376 Қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттік өтінім арқылы екінші нарықтан сатып алынған. Бүгінде мұндағы пәтерлер тиісті келісімшарт арқылы толығымен пайдалануға берілген.
Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен, инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Қазір «Ұлы далада» 22 көпқабатты тұрғын үй бойынша жұмыстар атқарылуда. Оның төртеуі арендалық, 18-і кредиттік үйлер. Атап айтқанда, бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылысын салу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Түйте» каналына аялдап, қайта жаңғырту жұмыстарының барысына ден қойды. Айталық, қазір «Сенім Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігерлігімен «Түйте» каналының, атап айтқанда, «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1 738 метрді құрайды. Енді осы жұмыстар ойдағыдай аяқталса, канал бойы тұрғындар сейілдейтін демалыс орнына айналады.
Сонымен қатар қала әкімі Асқаров көшесінің соңында орналасқан 16 ықшамауданға да ат басын бұрып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен инфрақұрылым жұмыстарының сапасын тексерді. Қазіргі таңда аталмыш ықшамауданда 180 пәтерлі 5 қабатты 4 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – «Агроспецстрой» ЖШС.
Өз кезегінде шаһар басшысы қадағалау күшеймей, құрылыста сапа болмайтынын қадап айтты.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы