«Жасыл ел» жасақтары жаңа маусымды бастады
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына облыс тұрғындары да белсенді атсалысты. Әсіресе, маусымдық тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» еңбек жасағы айтарлықтай үлес қосты. Тазалық жұмыстары биыл да жалғасын тауып, кеше жасақ жауынгерлерінің жаңа маусымы салтанатты түрде ашылды.
Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында өткен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының салтанатты ашылу рәсімін облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев арнайы қатысып, белсенді жастарға сәттілік тіледі.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жастарға рухты сөзін арнап, ақ батасын берді.
Ашылу рәсімінен кейін қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында саябақ аумағын қоқыстан тазалап, ағаш отырғызды.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жастар тек маусымдық жұмыспен қамтылып қана қоймай, елді көркейтуге, қоғамдық сананы жаңғыртуға да үлес қосып жүр.
Экологиялық акция облысымыздың бірнеше өңірінде жалғасын тапты. Осы күні еңбек жасағы жауынгерлерінің қатысуымен «Қарахан» кесенесі мен «Қызылабад» елді мекенінде көгалдандыру іс-шаралары өтсе, Сарысу ауданының Жаңатас қаласында, Мойынқұм ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Реті келгенде айта кетсек, көктем мезгілі басталғалы облысымызда «Таза қала», «Жасыл қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Болашақты бірге отырғызамыз», «Жер сағаты» секілді ауқымды акциялар ұйымдастырылып, 818 шақырым арық жүйесі мен канал, 125 мың тұрғын үй ауласы, 4,5 мың шақырым көше тазартылып, 12 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 70 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылып, 2,4 мың ағаш бұталанды. Бұл жұмыстарға 910 техника тартылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ