Жаңалықтар

Полиция ЖИ арқылы жасалатын алаяқтық туралы ескертті

Жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін игеріп жатыр,деп хабарлайды arainfo.kz

Жасанды интеллект технологияларының жедел дамуы өмірімізге жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптер де алып келуде. Қазір алаяқтар заманауи құралдарды пайдаланып, азаматтарды алдаудың тың тәсілдерін меңгеруде. Олар адамның дауысын көшіріп, жалған видеолар жасап, тіпті жақын туыстарыңыздың бейнесін имитациялай алатын деңгейге жеткен.

Осыған байланысты Жамбыл облыстық полиция департаменті өңір тұрғындарын кибералаяқтардың құрбаны болудан сақтау мақсатында профилактикалық шараларды күшейтті. Полицейлер оқу орындарына, мекемелерге, тұрғын үй кешендеріне барып, ақпараттық парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Полицейлер жасанды интеллектке негізделген алаяқтықтың құрбаны болмау үшін келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

  • Қайта байланыс орнатыңыз. Егер жақын адамыңыздың атынан көмек сұраған күмәнді дауыс хабарламасы келсе, дереу басқа байланыс құралдары арқылы нақтылап алыңыз.
  • Аудио немесе видео арқылы ақша жібермеңіз. Жіберуші танысыңыз сияқты көрінгенімен, алдымен оның шын екеніне көз жеткізіңіз.
  • Мессенджердегі шұғыл өтініштерге сене бермеңіз. Алаяқтар аккаунттарды бұзып, туыстарыңыздың немесе достарыңыздың атынан хат жазуы мүмкін.
  • Күдікті сілтемелер мен файлдарды ашпаңыз. Олар жалған банк немесе мемлекеттік сайттарға ұқсатып жасалуы мүмкін.
  • Ақпараттың рас-өтірігін тексеріңіз. Күмәнді видео немесе дауыс хабарламасы келсе, ресми дереккөздерге жүгініңіз.
  • Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарыңызды қосымша қорғайды.
  • «Жеңіл табыс» туралы ұсыныстарға сақ болыңыз. Алаяқтар ЖИ арқылы автоматтандырылған түрде инвестициялық жобалар мен жалған ұтыстар ұсына алады.

Жамбыл облыстық полициясы егер сіз ЖИ арқылы жасалған алаяқтықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада "102" нөміріне хабарласуға шақырады.