Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатудың жаңа ережелері әзірленді
Қазақстанда сынамалау таңбасы жоқ зергерлік бұйымдарды сатқан кәсіпкерлерге жаза күшейтілді,деп хабарлайды arainfo.kz
2025 жылғы 13 наурыздан бастап Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сынамалау таңбасынсыз сату үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылды. Енді мұндай заңбұзушылықтар бойынша айыппұл салу құзыреті Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Бұл өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-1-бабына енгізілді.
Соңғы жылдары бұндай жағдайларда көбіне ескерту шаралары қолданылып келген болатын. Алайда енді бұзушылық анықталған жағдайда кәсіпкерлерге елеулі айыппұл салынады. Айыппұл көлемі 190 мыңнан 580 мың теңгеге дейін жетеді және кәсіпкерлік субъектісінің (кіші, орта немесе ірі бизнес) санатына қарай өзгереді. Заң бұзушылықтар қайталанса, айыппұл көлемі де ұлғаяды.
Қазақстан Республикасының «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» Заңына сәйкес, зергерлік бұйымдарда міндетті түрде сынамалау таңбасы (барыс басы) мен өндірушінің атаулы белгісі болуы тиіс. Сонымен қатар, бұйым сынама палатасында сараптамадан өтуі қажет.
Сатып алушыларға кеңес:
Зергерлік бұйым сатып аларда оның түпнұсқалығына көз жеткізу үшін сынамалау таңбасы мен өндірушінің атаулы белгісін тексеріңіз. Қажет болса, сынама палатасының сараптамалық қорытындысын талап етіңіз.
Егер бұл талаптар сақталмаса, Техникалық реттеу және метрология комитетіне немесе оның аймақтық бөлімшелеріне шағымдануға болады.
Мемлекеттік органдардың айтуынша, қабылданған шаралар елдегі зергерлік нарықты ретке келтіруге және тұтынушыларды сапасыз әрі күмәнді өнімдерден қорғауға бағытталған.