Білгім келген бір сұрақ?

Той иелеріне салық салына ма?

«Той иелеріне салық салынады» деген әңгіме бүгінде халық арасында үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттар бұл мәселені жарыса жазып, тіпті белгілі бір талаптар бұзылған жағдайда төленетін салық түрлерін де атап көрсетті. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Осы секілді тойхана иелері мен асабаларға қатысты да түрлі әңгімелер айтылып жүр. Біз көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп, мәселенің анық-қанығын білу үшін мамандармен тілдесіп көрдік.

Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» тақырыбында  «дөңгелек үстел» отырысы  өтіп, қазақтың той өткізу дәстүріне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Орталық директоры Жасұлан Әбдхалықтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиынға Тараз қаласындағы мейрамхана иелері қатысып, той мәдениетін өркениетті деңгейге көтеру жолдары қарастырылды. Кездесуде ең алдымен қазақтың той өткізу рәсімінің  ұлттық құндылықтармен үйлесуі, оның мәдениетке әсері сараланды. Қазіргі таңда орын алып отырған дарақылық пен бәсекелестікке негізделген ысырапшылдық мәселесі жиынның негізгі тақырыптарының бірі болды. Артық шығынға ұрынбай, қонақ күту әдебін сақтай отырып, салт-дәстүрге сай той ұйымдастыру қажеттілігі баса айтылды.

«Кеңесіп пішкен тон келтес болмас» дегендей, той өткізу мәдениетін жетілдіруге бағытталған бұл бастаманы мейрамхана иелері де бірауыздан қолдап, өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салды. Той индустриясының негізгі қатысушылары ретінде олар ұлттық дәстүр мен заманауи талаптардың үйлесімділігін сақтай отырып, мерекелік шаралардың мәдени деңгейін көтеру қажеттігін ерекше атап өтті. «Aristokrat» мейрамханасының басшысы Әбдірахман Бекжанов тойлардағы уақыт тәртібін реттеу мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тойға шақырылған қонақтардың кешігіп келуі жалпы шараның белгіленген кестеден ауытқуына, соның салдарынан мейрамхана қызметкерлерінің жұмыс уақытының созылып кетуіне және жалпы ұйымдастыру процесінің күрделенуіне алып келуде. Осы мәселені шешудің тиімді жолы ретінде ол той уақытын қатаң белгілеуді ұсынды. Оның пікірінше, кез келген тойды сағат 23:00-де аяқтау туралы бірыңғай ереже енгізу керек

Жиын барысында тойхана иелері қоғамда қызу талқыланып жүрген бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Олардың арасында дастарханға қойылатын ыстық тағам санын қысқартып, ысырапшылдықтың алдын алу қажеттігі жөніндегі пікірлер айтылды. Кейбірі қазақы дәстүрдің ажырамас бөлшегіне айналған сарқыт рәсімін қайта қарастырып, қонақтарға тағам салынған пакеттерді таратуды тоқтату керектігін алға тартты. Ал кейбір пікір білдірушілер тіпті той мәзірінен қазақтың ұлттық асы  етті алып тастау туралы ұсыныс айтып, көпшіліктің таңданысын туғызды.

Сонымен қатар жиын барысында асабалардың мәдени деңгейі мен білімінің маңыздылығы да сөз болды. Қазіргі таңда той жүргізушілерінің өнері мен сөйлеу мәдениеті жиі сынға алынып жүргені жасырын емес. Осыған орай асабалардың кәсіби біліктілігін арттыру қажеттігі баса айтылды.

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалықтың айтуынша, қазіргі таңда асабалармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  

Басқосуда сондай-ақ әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен мәселелердің бірі  той иелеріне салық салу жөніндегі ұсыныс та талқыланды. «Жиғаның тойға шашылсын» дейтін қазақ халқы үшін той-томалақ тек бас қосу ғана емес, ұлттық болмысымыздың бір бөлігі екені анық. Тіпті жаһанды жайлаған пандемия кезінде де халық той жасаудан бас тартқан жоқ. Бұл ел ішінде той өткізу дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Алайда соңғы уақытта тараған «той иелеріне салық салынады» деген қауесет қоғамда үлкен пікірталас туындатып, жұртшылықтың алаңдаушылығын арттыра түсті. Осы мәселеге байланысты нақты ақпарат алу мақсатында облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласып, жағдайды егжей-тегжейлі анықтап көрдік.

Сонымен қатар маман мұндай ақпарат көздеріне сенбеуге шақырады. Егер көтерілген мәселе аясында сұрақтар туындаса бірден тиісті мамандарға хабарласу керектігін ескертеді. Жоғарыда айтылғандай, тойдан табыс табатын тұлғалар, яғни асабалар да салық төлеуге міндетті екен. Бұл талап салықтық бақылауды күшейту және «көлеңкелі» экономикамен күресу мақсатында енгізілген. Дегенмен облыс аумағындағы асабалардың нақты санын анықтау қиынға соғуда. Себебі олардың басым көпшілігі бейресми түрде қызмет көрсетіп, табыстарын ресми түрде тіркемейді.

Міне, өңіріміздегі той саласында орын алып жатқан  өзгерістер осындай. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, той мәдениетін биік деңгейге шығару мақсатында  қолға алынған бастамалардың көп ұзамай  оң нәтижесін беретіндігіне сенім мол.   

Мұқағали БАЛТАБАЕВ