Жамбыл жаңалықтары

Таразда тағы бір жайлы мектеп пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облысымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында төртінші мектеп пайдалануға берілді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы, «Ұлы дала» ықшамауданындағы №69 жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Ербол Шырақпайұлы оқушылар, педагогтер мен ата-аналар алдында құттықтау сөз сөйледі.

Жаңа үлгідегі мектепте 97 кабинет, 3 шеберхана, 6 зертхана, 4 компьютерлік сынып, хореографиялық залдар, коворкинг-орталықтар, үлкен асхана және 4 спортзалы қарастырылған. Сыныптарда интерактивті тақталар орнатылған. Білім ұясында 1310 оқушы оқиды.

2000 балаға арналған мектеп оқушылардың IT-құзыреттерін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қолдау үшін заманауи робототехника кабинеттерімен және STEM-зертханалармен жабдықталған, сонымен бірге бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген.

Оқу ордасында инклюзивті білім беруге жіті көңіл бөлініп отыр. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін пандустар, лифттер, санитарлық тораптар және инклюзивті білім беру кабинеті қарастырылған.

Биыл облыста 26 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған, оның 21-і (11 мектеп және 10 қосымша ғимарат) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

2026 жылы тағы 6 білім беру нысанының (4 мектеп және 2 қосымша ғимарат) құрылысы бастау алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі