2023 ЖЫЛЫ 10 МЫҢ ГЕКТАРҒА ТӘТТІ ТҮБІР ЕГІЛЕДІ
2023 ЖЫЛЫ 10 МЫҢ ГЕКТАРҒА ТӘТТІ ТҮБІР ЕГІЛЕДІ
Ағымдағы жылы қант қызылшасы 5,5 мың гектарға егілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе артады деп күтілуде. Оған мемлекет тарапынан қолдау ретінде төленетін субсидия көлемінің 15 теңгеден 25 теңгеге (1 келісіне) өсуі айрықша серпін беріп отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов атап өтті.
Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, қант зауыттары жұмысты дұрыс ұйымдастырып отырған барлық шаруалардың 65-70 пайызын тұқыммен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда әр гектардан алынатын орташа өнімділік бойынша Меркі ауданының көрсеткіші өзгелерден озық болып отыр (800 ц/га), Жамбыл ауданында – 455 ц/га, Байзақта – 410 ц/га, Шу ауданында – 350 ц/га құрауда. Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қанат Шайхиевтың айтуынша, биыл балтамырдың шығымы жақсы. Ағымдағы жылы қожалық 130 гектар алқапқа тәтті түбірді орналастырған. Қазіргі таңда алқаптың 50-60 гектары жиналған. Ал қант зауытына 3,5 мың тонна өнім өткерілген.
Серіктестік тұқымды Франция мемлекетінен тапсырыспен алдырған. Мұнда балтамырдың «Эйдар» сұрпы орналастырылған. Сондай-ақ, қант қызылшасын қабылдау жұмыстарын қызу атқарып жатқан «Меркі қант зауыты» ЖШС директоры Нұржан Қарғабаев бүгінге дейін 14 мың тоннадан астам балтамыр жиналғанын жеткізді. Күніне 2,5 мың тонна өнім қабылданып, шикізат қоры жинақталуда. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 2,5 мың тоннаны құрайды.