Әлеумет

Қазақ киносының күндері басталды

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ы. Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Кино әлемінің онкүндігі» салтанатты түрде ашылды.

Аталмыш іс-шара ҚР Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастамасымен еліміздің әр аймағында ұйымдастырылып келеді. Оның басты мақсаты – мемлекеттік қолдаумен түсірілген ұлттық фильмдерді кеңінен насихаттау, шалғай ауылдардағы көрермендерге отандық кинотуындыларды қолжетімді ету.

Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының киножобаларды ілгерілету бөлімінің бас менеджері Гүлнұр Қожахметова мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз сөйлеп,  шараның маңыздылығына тоқталды.

Онкүндіктің алғашқы күні көрермендерге «Жамбыл. Жаңа дәуір» атты тарихи фильм ұсынылды. Бұл туынды ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың өмірін, оның шығармашылығы мен сол кезеңдегі қоғамдық өзгерістердіарқау еткен. Фильмнің сценарисі әрі қоюшы-режиссері – Жандос Құсайынов.

Туындыны тамашалаған көрермендер фильмнің сапасы мен мазмұнына ерекше баға берді. Жамбыл Жабаевтың бейнесі, сол заманның ахуалы, халықтың қиын-қыстау кезеңдегі өмірі шынайы берілгенін айтты.

Онкүндік аясында көрермендерге түрлі жанрдағы отандық фильмдер ұсынылмақ. Олардың қатарында «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан, «Тайқазан хикаясы», «Боксёр» секілді тарихи, көркем және деректі фильмдер бар.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ұйытқы болуымен  бүгінге дейін 117 картина жарыққа шыққан. Бұл көрсеткіш қазақ киносының әлеуетінің жоғары екенін аңғартады.                     

                                                                               Сымбат ҚУАНЫШ