Білгім келген бір сұрақ?

Қойшы қай кезде демалады?

Ел ішінде «Диқан жауында, балықшы дауылда, қойшы өлгенде демалады» деген сөз бар. Мақал ауыр айтылса да астарында шындық жатыр. Өйткені қойшының демалуға мүлде мүмкіндігі жоқ. Ол қазаққа атам заманнан белгілі болғандықтан артында осындай сөз қалса керек.

Бейнеті мен ауыртпалығы белшеден келетін малшының бүгінде заңды құқығы сақталып жүр ме? Себебі мыңғыртып мал айдағандардың кейбірі қойшының ақысын төлейтін кезде «шық бермес шығайбайлығы» ұстап, қолы қалтырап-дірілдеп жоғалған, өлген малды оның мойнына іліп жіберетін кездер болып тұрады. Тағы бірі азын-аулақ ақшаға мал бақтырғысы келеді.

Қойшыларға тиісті жағдайын жасап берген шаруа қожалықтар аз емес. Бірақ оның ішінде жұмысшымен еңбек шартын жасасып, тұрақты еңбекақымен бірге оның зейнетақы, МӘМС жарнасын айма-ай аударып отырғандар некен-саяқ.

Жалпы жұмыс берушінің қойшыны азапты жұмысқа жеге отырып, еңбек шартын жасаспай оның өміріне, денсаулығына кепілдік бермеуі дұрыс емес. Жаман айтпай жақсы жоқ, малшы қой бағып жүріп жазатайым оқиғаға ұрынса, бұл да даулы мәселе болады. Ал  келісімшарт жасасуға негізінде малшыдан бұрын шаруашылықтар құлықсыз. Өйткені малшыны ауызша келісім арқылы жұмсау - ең тиімді әдіс.

Қой бағу расында да оңай емес. Бала күнімізде төрде шалқамыздан жатқанымызды әжем көріп қалса, «Не болды бесіктен белің шықпай тұрып аяғыңды аспанға көтеріп жатып алыпсың? Тас ойып келдің бе, әлде қой бағып келдің бе?» деп ұрсатын. Егер мал бағу оңай болса, әжем сөз арасына осы мақалды тықпаламас еді.

Осы ретте «Шілденің шіліңгір ыстығы мен қыстың қақаған аязында «шаршадым» дегенді білмей мал соңында жүретін қойшыларға жылдық еңбек демалысы (отпуск) беріле ме?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Бұл тұрғыда бірқатар таныс шаруа қожалық төрағаларына хабарласып едік, кейбірі жауап беруден бас тартса, тағы бірі бас тартқанымен қоймай ақыл айтып, мұңын шағуға дейін барды. Сондағы сылтауының түрі – малшының дені тұрақтамайтыны мен кейбір қойшының ішкіліксіз жүре алмайтындығында. Сенсек, кейбірі сондай бір күйге түскен міскінге қойын бақтыру арқылы қамқор болып отыр. Бұдан кейін біз өзіміз танитын қойшылар қауымына да хабарласып көрдік. Олар да «тыныштық керек» дегеннен әрі аса алмай, бұл тақырыпта тілдесуге келісім бермеді. Тек Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғыны Дүйсен Қадыров есімді ағамыздың үйіндегі жеңгейге хабарласып, пікірін тыңдап көрдік.

Осы ауылда Несіпкүл Сейдахова есімді  әпкеміз тұрады. Оның есепші ретінде қырық жылға жуық еңбек өтілі болса оның дені бір кездері Ильич атындағы кеңшарда, кейіннен К.Оязбеков атындағы акционерлік қоғам атауына ие болған шаруашылықта өтті.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Жанат Мұхатаева қойшы мен шаруа қожалық арасында еңбек қатынасы туралы келісімшарт жасалса, қойшы жылына бір мәрте бір ай ақылы демалыс алуға құқылы екенін айтады.

Дидар Берік есімді Тараз қаласының тұрғыны еңбек демалысына шығуды тек ауылдағы қойшы ғана емес, қалалық жерде біреуге жалданып еңбек ететіндер де армандап жүргенін айтады.

Қандайда бір мекемеде жұмыс істейтіндер жылына бір рет демалыс алып, ел-жер аралап, теңіз жағасына барып тынығып жататыны белгілі. Ал қойшы үшін «отпуск» деген сөз таңсық екені анық. Сондықтан өзін, еңбегін бағалай білетін қойшы жұмыс берушіні еңбек қатынастары туралы келісімшарт жасасуға көндіруі керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ