Жамбыл жаңалықтары

Ер қаруы – бес қару

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ұлттық ойындар фестивалі өтті. «Ер қаруы – бес қару» деп аталған бұл тағылымды шара өскелең ұрпаққа ата-баба дәстүрін насихаттап, ұлттық мұраның құндылығын ұғындыруды мақсат етті.

Осы орайда фестивальдің ұйымдастырушысы, Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Байжан Әбеков бұл сайыстың берері мол екенін жеткізді.

Бұл күні қала мектептері оқушыларынан құралған командалар сайыстарда өз күштері мен ептіліктерін сынады. Ойын барысында жігіттер садақ тартып, нысана көздеді. Асық ойыны да қызықты өтті.

Нағыз ер-азаматтар жиналған фестивальдің ерекше кезеңі – арқан тарту мен білек күресі болды. Бұл сәтте әр команда намысты қолдан бермеуге тырысты. Ал кіртас көтеру сайысы жігіттердің шыдамдылығы мен күшін сынға салды. Сондай-ақ ұлттық спорттың бір тармағы саналатын ләңгі тебу де көптің көңілінен шықты. Ләңгінің әр серпілуі қазақ баласының шапшаңдығы мен ептілігін паш еткендей болды.

Жарыс қорытындысы бойынша, бірлік пен мықты дайындықтың үлгісін көрсеткен «Тараз» командасы қарсыластарын шаң қаптырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Олар әр сайыста жігер танытып, ұйымшылдық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Екінші орынды №3 мектеп- лицей оқушыларынан құралған «№3 ML жігіттері» командасы иеленді. Олар да өз кезегінде жеңіске деген құштарлықтарын, мықты дайындықтарын дәлелдей білді. Үздік үштікті қайсарлықтарымен көзге түскен «13-аймақ» командасы түйіндеді.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал барлық қатысушыларға ұлттық мұраға деген құрметтері мен белсенділіктері үшін алғыс айтылды.

Бұл күні ұлттық құндылықтар ұлықталып, ата-баба аманаты дәріптелді. Әрбір жас жеткіншек ұлттық ойындар арқылы елдіктің, бірліктің, намыстың не екенін ұғынды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ