Таласта толайым тірлік көп
Көктем келісімен Талас ауданының шаруалары еңбекке білек сыбана кірісіп, дала төсін дүбірге бөлеуде. Бірі егістік алқаптарын жыртып, егін егуді бастаса, енді бірі мал төлдетіп, өрісті төлге толтыруда. Көктемнің әр күнін тиімді пайдалануды ойлайтын шаруа үшін уақытпен санаспай тынымсыз тірлік істеу – жылдағы көрініс.
Соңғы жылдары ауданда ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте аталған сала әртараптандырылып, диқандар дәстүрлі дақылдармен қатар жаңа өнім түрлерін өсіруге бет бұрса, малшылар қолындағы төрт түлігін асылдандыруға ниет етіп, салаға қатысты тиісті жұмыстарды сапалы атқару жүйелі жолға қойылған.
Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, жыл басындағы санақ бойынша ауданда 25 544 мүйізді ірі қара, 321 774 уақ мал, 15 894 жылқы, 2 127 түйе бар. Аудандағы ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі 476 628,2 гектарды құраса, оның ішінде жайылымдық жер – 433 534,9 гектар, шабындық – 18 447,5, ал егістік жер 21 100 гектар көлемінде. Бүгінде ауданда 913 шаруа қожалығы жұмыс істеп жатса, оның ішінде 345 қожалық мал өсірумен, 318-і егіншаруашылығымен айналысады екен.
Осы жылы аталған ауданда 12 013,9 тонна ет пен 5 079,9 тонна сүт өндіріліпті. Бұл осы ауданда малшаруашылығы саласының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Өсімдікшаруашылығында да биылғы жоспар ауқымды көрінеді. Өткен жылы 11 720 гектарға түрлі дақылдар егілген екен. 2025 жылдың өнімі үшін 12 145 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылмақ. Оның ішінде 4 500 гектарға күздік бидай себіліпті. Себілген тұқым көлемі 810 тоннаны құраған. Оның ішінде І репродукциялы тұқым 37 тонна болса, ІІ репродукциялысы – 85 тонна, ІІІ репродукциялы тұқым 688 тоннаны құраған. Сонымен қатар 4 125 гектар бұрын егілген көпжылдық шөптің алқабы бар екен.
Жалпы қолыңдағы құрал-сайманың бүтін болмаса, атқарылар жұмыстың да нәтижесі ойдағыдай шықпайды. Жер жыртып, егін егу, жиын-терін уақытында түсімді шашпай-төкпей жинап алу, малшыларды қыс қыстау, жаз жайлауға көшіру, шөп ору, қора-жайларға шөп тасу барысында ауылшаруашылық техникаларының тигізер көмегі зор. «Ескіден есің кетеді» демекші, жаңа техниканың да жөні бір бөлек. Сондықтан да, яғни еңбек өнімділігін арттырып, уақытты тиімді пайдалану үшін ауылшаруашылық техникаларын жаңарту маңызды. Ауданда барлығы 812 дана ауылшаруашылық техникасы тіркеліпті. Оның ішінде жетеуі астық комбайны болса, 323-і трактор, 482-сі басқа да әртүрлі техника. Осы жылға ауылшаруашылық техникаларын жаңарту жоспары 56 техника, яғни 6,5 пайыз болып межеленген екен.
Көктемгі егіс-дала жұмыстарына 433 ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылмақ. Оның ішінде 323 трактор, 70 соқа, 18 дән сепкіш, 17 қопсытқыш пен 1 дән улағыш пайдаланылады.
«Судың да сұрауы бар» дейді қазақ. Аптап ыстықта алқаптардың аңқасы кеппес үшін ағын суды үнемдеп пайдалану да қазіргі заманның басты талаптарының бірі. Сонымен қатар бүгінде егіс алқаптары үшін жаңбырлатып немесе тамшылатып суару жүйесін қолдану егіншаруашылығында өнімділікті арттырудың маңызды факторы болып отыр. Бұл ретте биыл ауданда 470 гектар егіс көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суару көзделуде. Су үнемдеу технологиясы өткен жылы 325 гектарға қолданылған екен. Оның ішінде «Зерхат» шаруа қожалығы – 250, «Шәріпбай» шаруа қожалығы – 30, «Нұрдаулет» шаруа қожалығы – 100, «Демеш» – 70, «Нұр» шаруа қожалығы 20 гектарды тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен ылғалдандырған.
Ауданда ауылшаруашылық саласы алшаң басса, ең алдымен, ол жер емген шаруа мен қырда төрт түлігін түлеткен малшылар мен механизатор секілді еңбек адамдарының тынымсыз тірлігінің жемісі. Сондай-ақ Үкіметтің қолдауы да айтарлықтай септігін тигізуде. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беруге, субсидия алуға және су үнемдеу технологияларын енгізуге қолдау көрсетіліп жатқаны сөзіміздің бір дәлелі. Жергілікті билік те салада тиісті жұмыстардың уақытылы атқарылуын тұрақты түрде қамтамасыз етуде. Шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеп отырған аудан әкімдігі мен ауылшаруашылығы бөлімі мамандары Талас өңірінің аграрлық әлеуетінің одан әрі дамуына күш сала беретініне сенімдіміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ