Сайыпқыран сарбаздардың сайысы
Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз Ұлттық спорт күні болып белгіленген болатын. Осыған орай Жуалыдағы Теріс-Ащыбұлақ оқу-жаттығу полигонында ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздегі теңдесі жоқ тау-егерлік полктың сарбаздары ұлттық ат спорты түрлерінен сайыс өткізіп, нағыз жігітке лайық өнерлерін ортаға салды.
Сарбаздар көкпар тартып, аударыспақ ойнап, теңге іліп, қыз қууға қатысты. Әр сайыс жігіттердің білек күші мен жүректілігін, ат үстіндегі ептілігін сынады.
Мерекенің сәнін таулы-егерлік полкте қызмет ететін сарбаз қыз-келіншектер кіргізе түсті. Олар ұлттық нақыштағы камзолдарын киіп, дала төсінде бауырсақ пісіріп, Наурыз тойының шырайын аша түсті.
Жауынгер қыз-келіншектер атқа қонып, қыз қууға шыққанда жігіттер біраз әбігерге түсті. Дала төсінде құйғыта шапқан бойжеткендерді қуып жету оларға оңайға соқпады. Нағыз жігіттің жігері сыналар ойында ер-азаматтар да өз есесін жіберіп алмады.
Осылайша полигон бір күнге ұлттық ойын алаңына айналып, сарбаздар нағыз додада шынықты. Әр ойын намысты қайрап, рухты күшейтті.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ