Таразға «Jibek joly» пойызымен 312 турист келді
Наурыз мейрамына орай жолға шыққан туристік «Jibek joly» пойызы Таразға табан тіреді.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті 2025 жылдың 20-25 наурызы аралығында туристік «Jibek joly» пойызының кезекті сапары жоспарланғанын айтқан болатын. Осыған орай «Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқан-Тараз-Алматы» бағытында ұйымдастырылған туристік пойыз шаһарымызға келіп, қонақтар қаланың тарихи-мәдени орындарын аралады.
Айта кетейік, «Jibek joly» пойызының алғашқы рейсі 2024 жылдың 16-20 қарашасы аралығында ұйымдастырылып, саяхат бағыты Түркістан, Ташкент және Самарқан қалаларын қамтыған. Екінші сапар 2025 жылдың 2-7 қаңтары аралығында ұйымдастырылып, маршрутқа қосымша Шымкент, Өзбекстанның Самарқан қалалары енгізілді.
Келген қонақтар үш топқа бөлініп, Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Ерте ислам мешіті және Қарахан, Айша бибі, Бабажа хатун кесенелерімен танысып шықты.
Мүқағали БАЛТАБАЕВ