Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.

Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейтін тәрбиелік мәніне тоқталды.

Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін аралап көрді. Биыл көрмеге отандық қолөнершілермен қатар Қытай, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Иран, Тәжікстан елдерінен шеберлер шақырылған.

Бұдан бөлек, Президентке ұлттық ойындар, қазақстандық дизайнерлер мен танымал брендтердің ұлттық киім үлгілері таныстырылды.

 
akorda.kz