Қоғам

Есет ақынның ерекше кеші

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын Есет Досалының «Өлең деп өмір сүремін» туындысының Брайль қарпіндегі және аудио форматындағы үнтаспасының тұсаукесер рәсімі өтті.

Әдеби кеште жинақтың тұсаукесері мен ақынның өлеңінен заманауи үлгідегі көрініс көрсетіліп, поэзиялық компазиция көрермен назарына ұсынылды.

Сонымен қатар басқосуға арнайы келген зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, ақынға деген ыстық ықыластарын білдірді.

Ал арнайы құттықтап келген ақын Баймаханбет Ахмет Есет Досалымен бірге қызмет еткен жылдарға сапар шегіп, езуге күлкі үйірерлік естеліктерімен бөлісті.

Іс-шара барысында облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының үйірме оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Келесі кезекте жасырын қонақтар ортаға шығып, ақын жайлы өз пікірлерін білдіріп, ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар Есет Досалы мен шәкірті Дидар Апбасов керемет айтыс өрнегін көрсетті.

Әдеби кеш барысында ақын кітабының тұсауы кесіліп, «Сәт» триосының әншілері әсем әннен шашу шашты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ