Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдық ару көкпардан қыздар командасын құрмақ

Қазақ халқы үшін жылқы – киелі жануар. Бағзы заманда қыздар да атқа мініп, түрлі сайыстарға қатысқан. Алайда уақыт өте келе қыздардың жылқымен достығы сирек кездесетін құбылысқа айналған еді. Бірақ бүгінгі таңда көкпар алаңында бой көрсетіп жүрген батыл қыздар қатары арта бастады.

Көкпар – тек білек күшін емес, жүрек қайратын да талап ететін ойын. Сондықтан тұлпар тізгінін тең ұстаған қыздардың бұл бастамасы – ұлттық рухтың асқақ көрінісі. Еркіндікті серік еткен даланың өжет қыздары ат үстінде намысты жалау етіп, көкпар додасында жаңа дәуірдің айшықты белгісіне айналуда.

Бүгінде Тараз қаласының арулары көкпардан арнайы қыздар командасын жасақтауды қолға алды. Бұл істің басында Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Аида Ізбасар тұр. Ол болашақ көкпаршы қыздарды дайындап қана қоймай, қыз қуу жарысына қатысатын бойжеткендерді де жаттықтырады.

Аида Дәулетбекқызы оларға көкпардың қыр-сырын үйретіп, атпен шабудың әдістерін көрсетеді. Бойжеткендерге тек көкпарды ғана емес, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық ойындарды да үйретеді. Бұрымды көкпаршы ат спортымен айналысқан адамның денсаулығы жақсарып, рухы көтерілетінін жеткізді. Себебі ат үстінде жүрек соғысы жақсарып, қан айналымы реттеледі екен.

Жылқының құлағында ойнайтын қыздың шәкірттерінің бірі – жас көкпаршы Әдемі Әділ. Оның жасы небәрі он бірде. Атқа мінуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бүгінде Әдемі де ұстазы секілді ат үстінде өзін еркін сезініп, ұлттық спорттың қыр-сырын меңгеруге барын салуда.

Әдемі үшін көкпар – жай ғана ойын емес, нағыз төзімділік пен ептілікті қажет ететін спорт. Ол да болашақта Аида Ізбасардан үйренген ілімдерін жетілдіріп, қазақ қыздарының ат спортына деген қызығушылығын арттырғысы келеді.

Аида атбегілікпен қатар, қымыз дайындаумен де айналысады.

Көкпаршы ару көктем соңына дейін көкпар командасын толық жасақтауды жоспарлап отыр. Бұл бастама қазақ қыздарының да ұлттық спорттағы орнын айшықтап, олардың ат үстіндегі шеберлігін дәлелдеуге жол ашады. Аида бұл істі үлкен жауапкершілікпен қолға алып, қыздардың да көкпар додасына түсуге лайық екенін көрсеткісі келеді.

Кейіпкеріміз болашақта республикалық деңгейде әйелдер арасындағы көкпар турнирлерін ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Бұл қазақтың ұлттық ойындарының дамуына тың серпін беретіні анық.

Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист