Әлеумет

Бабадан жеткен кәсіпті жаңғыртқан шебер

Қазақ халқының ат әбзелдерін жасау өнері – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан асыл мұра. Бүгінде бұл көне кәсіпті жалғастырып жүрген шеберлер аз. Солардың бірі – Меркі ауданы, Мыңқазан ауылында тұратын Куантай Жүнісбеков. Ол 21 жылдан бері ер-тұрман мен ат әбзелдерін жасап, ұлттық қолөнерді ұлықтап жүр.

Кейіпкеріміз бұл көне кәсіптің қыр-сырын өз бетінше үйреніп, уақыт өте келе нағыз қолөнер шеберіне айналған.

Ұстаның айтуынша, ер-тоқым жасаудың да өзіндік құпиясы, әдіс-тәсілдері бар. Бабаларымыздан жеткен ерекше әдістердің бірі – ағашты асықпай қайнату. Бұл тәсіл арқылы ағаш иілгіш қасиетке ие болып, беріктігі артады екен.

Қуантай ешқандай заманауи техниканы қолданбастан ер-тоқымды өз қолымен әзірлейді. Бір ерді жасауға шамамен 3-4 ай уақыт кетеді. Егер дайын қаңқасы болса, 1,5 айда бітеді.

Ер-тұрман жасаудағы ең маңызды әрі ерекше кезең – әшекейлеу. Шабылған ерді әшекейлеу барысында шебер қиялына ерік беріп, мельхиор, мыс, күміс сынды металдармен өрнектейді. Зергерлік әшекейлер жасау да көп уақыт пен жоғары дәлдікті талап етеді. Металды таңдау негізінде тапсырыс берушінің қалауына байланысты. Дегенмен, көпшілігі күміс таңдап жататын көрінеді.

Кейіпкеріміздің есінде ерекше сақталған жұмысы – «Абай» ері. Бір қыздың ұзатуы үшін жасаған ерді аяқтауға шебер 8 ай уақыт жұмсаған. Сондай-ақ Қуантай Мұсатайұлының жасаған ерлері Оңтүстік Корея, Түркия, Моңғолия сияқты елдерде де сұранысқа ие.

Куантай Жүнісбеков тек сапалы бұйым жасаумен ғана шектелмей, заман талабына сай трендтерді де зерттеп отырады. Ол ұлттық нақыштағы бұйымдардың сұранысқа ие болуы үшін халықтың өнерге деген талғамын, салт-дәстүрін терең түсіну маңызды деп санайды.

Әрбір өнер иесі өзінен кейін мұрагер қалдырғысы келеді. Қуантай Жүнісбеков те бұл істің жалғасын тапқанын қалайды.

Куантай Мұсатайұлының алға қойған жоспарлары да көп. Бірақ оларды жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау қажет. Шебер өз ісін кеңейту мақсатында әртүрлі қорлардан көмек алуға, гранттық бағдарламаларға қатысуға талпынып келеді. Алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алғысы келеді. Бұл Қуантайға уақытты үнемдеуге көмектесер еді. Сондай-ақ, шәкірттерге арналған оқу тобын ашу басты мақсаттарының біріне айналған. Ұлының өзінің жолын жалғастырғанын қалайды. Дегенмен, оның ең үлкен арманы – бүкіл әлем қызығатын ерекше ер-тұрман жасау.

Бір айта кетерлігі, шебер ер-тұрманмен қатар көздің жауын алатын әдемі қамшы өрумен де шұғылданады. Бүгінгі таңда ол «Тайтұяқ қамшы», «Би қамшы», «Сері қамшы» сынды қамшылардың авторы болу арқылы да көпке танылып отыр. Яғни, осы қамшыларды алғаш жасап шыққан өзі екенін дәлелдеп, оны құжат жүзінде де рәсімдеп алған. Бұл енді көп ұстаның бойынан табыла бермейтін ұқыптылық.

Қазіргі сәтте Қуантай Мыңқазан ауылындағы қара шаңырақта 85 жастағы әкесі Мұсатай қария мен 75 жастағы анасымен бірге тұрады. Ал жары Ләззат бес қыз, бір ұлды өмірге әкелген көпбалалы ана.

Ұсталық жұмысынан бөлек Қуантайдың домбырамен ән, терме айтатын өнері де бар. Соңғы уақытта аудандық терме байқауларына да қатысып, бағын сынап жүр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ